Қызылордада 187 көпқабатты үйге ыстық су беріледі
Қызылорда – орталық ыстық су жүйесімен қамтылмаған жалғыз облыс орталығы. Көпқабатты үйлерге ыстық су беру 80-жылдары тоқтаған, деп хабарлайды 24kz.
Содан бері инфрақұрылым тозып, істен шықты. Биыл мәселені шешу үшін республикалық бюджеттен 11 миллиард теңге қаржы бөлінді. Қызылордалықтар жобаның игілігін қашан көреді?
Нұрлан Жақыпбек, тілші:
- Айсалбаевтар отбасы қала орталығындағы пәтерде 10 жылдан бері тұрады. Олар суды электр құрылғы арқылы жылытады. «Мұндай жабдық әр қызылордалықтың үйінде орнатылған», - дейді ол.
Қайрат Айсалбаев, қала тұрғыны:
- Қаламыз ыстық сумен қамтылмаған. Сондықтан су жылытатын құрылғылар сатып алуға мәжбүрміз. Бұл отбасы бюджеті үшін артық шығын. Электр энергиясына тағы төлейміз. Тұрғындар үшін ыңғайсыздық тудырады. Басқа қалалардағыдай үйімізде ыстық су ағып тұрса деп армандаймыз.
Қызылорда қаласына ыстық су беру 1987 жылы тоқтаған. Істен шыққан жүйе ұзық жыл бойы жаңғыртылмады. Тек биыл ғана Үкіметтен қаржы бөлініп, тиісті жұмыстар атқарыла бастады.
Медет Усаин, облыстық энергетика және ТҮКШ басқармасының басшысы
- 624 көпқабатты тұрғын үй ыстық суға қосылатын болады. Бүгінгі таңда 201-і дайын, 187-сін жасап жатырмыз биыл, жыл соңына дейін бітіреміз, келесі жылы 236 үйге құрылыс-монтаж жұмыстарын жүргізетін болады.
Хасанғали Иманғалиев, «Жылу жүйесі» мекемесі филиалының директоры:
- Кейінгі салынып жатқан, 3-4 жылдың көлемінде салынған үйлер толығымен ыстық су алуға дайын. Олар енді, Құдай қаласа, 15 қазаннан бастап ыстық су беріле бастайды ол үйлерге. Жылу ала алмайтын үйлер де бар. Ескі, екі этажды үйлер, өжіресі жоқ үйлер бар ғой, 184 үй бар. Солар ала алмайды.
Екі кезең бойынша жүзеге асатын жобаны келесі жылдың соңына дейін толық аяқтау жоспарланып отыр.
Авторлары: Нұрлан Жақыпбеков, Нұржан Мұзарапшин, Айтмұхамбет Байдулдаев