Шет ауданының бес ауылында жолдар жөнделді
Қарағанды облысы Шет ауданының 5 ауылында «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен ішкі жолдар жөнделді, деп хабарлайды 24kz.
Бұған дейін шалғай ауылдардың мәдениет үйі мен мектебі жөндеуден өтіп, су құбыры тартылған еді. Қасым-Жомарт Тоқаев Қазақстан халқына Жолдауында ауылдағы өмір сүру сапасын жақсарту туралы айтты.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Биыл «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасымен Сәкен Сейфуллин атындағы кенттің 8 бірдей көшесіне жол салынды. Бұрын мұндай ауқымды құрылыс болмаған. «Мүлде жолы жоқ көшелерге асфальт төселгеніне қуаныштымыз», дейді ауыл тұрғыны Тілектес Үмбетов. Темір жол саласының ардагері 50 жылға жуық осы кентте тұрады.
Тілектес Үмбетов, Сәкен Сейфуллин атындағы кент тұрғыны:
- Бұрын енді балалар мектепке бара алмай батпақтап, қардан жүре алмай жататын. Қазір енді міне, тасжолдың аты тасжол ғой, жеңіл көлік болсын, жаяу көлік болсын барлығы да өте жақсы. Әрине, мұның енді жиегінен жаяу жүргінші жолы дейді ғой, сонысы да болашақта бола жатар.
Шет ауданы бойынша 2020 жылдан бастап «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы аясында елді мекендердің ішкі жолдары, 4 мектеп, 2 медициналық нысан жөнделіп, Ағадыр кентінде су, кәріз құбыры ауыстырылған. Ал биыл шалғай ауылдардың ішкі жолдарын жөндеуге басымдық берілді.
Мұхит Мұхтаров, Шет ауданының әкімі:
- Биылғы жылы біз 5 елді мекеннің ішкі көше жолдары жөндеуден өтіп жатыр. Оған 730 миллион теңге ақша бөлінді. Қазір жұмыстар толық аяқталып, игеріліп отыр. Енді айтатын болсақ мына «Ауыл – ел бесігі» бағдарламасы мынау ауданымыздың шалғай ауылдарына, тұрғындардың өмір сүру сапасын жақсартуға оң ықпалын тигізіп отыр.
Бұдан бөлек, жергілікті бюджет есебінен аудан орталығы Ақсу-Аюлыда бірнеше жолға асфальт төселді. «Оның ішінде екі көшеге төселген жол жеке меншік зертхананың қатысуымен қабылданды», - дейді ұлттық сапа орталығының мамандары.
Ермек Смайылов, «Жол активтерінің ұлттық сапа орталығы» РМК Қарағанды облыстық филиалының инженері:
- Бұл жолдар жекеменшік зертхана мамандарының қатысуымен қабылданған. Барлық қаражаты төленген. Қабылданып қойған нысанға біздер тексеріс жүргізе алмаймыз. Екі жолдың жалпы ұзындығы 700 метрдей болады. Сырттай қарағанда жақсы салынған сияқты. Келер көктемде белгілі болады.
Мұхит Мұхтаров, Шет ауданының әкімі:
- Бұл жерде сапасы келіп тұр. бірақ енді кейінгі уақытта талап қойып отырмыз сапа орталығынан алыну керек деп. Бұл жерде олардың қаражаты жетпеген соң әрі уақыт өтіп бара жатыр, кепіл болмаған соң жеке компанияға хат жіберіп, жұмыс жасатқан ғой. Ал бірақ сапасы барлығы жақсы.
Жалпы мемлекеттік бағдарлама арқылы және жергілікті бюджет есебінен ауылдардың жолын жөндеу, әлеуметтік мекемелерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасын табады. «Ол үшін тиісті құжаттар әзірленуде», - дейді аудан басшысы.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар