Құлсарыда 100 үйдің құрылысы аяқталды

Құлсары қаласында тасқыннан зардап шеккендер үшін салынып жатқан 100 үйдің құрылысы толық аяқталды.

Өткен аптада 62 отбасы қоныс тойын тойлаған еді. Енді қалған үйлер тұрғындардың игілігіне беріледі.

Бұл Болашақ ықшам ауданы. 100 үйдің көркі алыстан көз тартады. Ауданы 100 шаршы метр болатын баспанада тұрғындар үшін барлық жағдай жасалған. Инженерлік инфрақұрылым да толық тартылған. Тасқыннан зардап шеккен тұрғындар мұндай кең әрі жайлы баспана алғанына қуанышты.

Күләш Малдыбаева, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Бұрынғы тұрған жерім Автодорожный ықшам ауданы. Ол жер суға кетті ғой. Әрине өкінішті жағдай болды. Өте өкіндік. Соған қарамастан мынадай керемет үйлер салып, әкімшілігіміз бүгінгі күні берейін деп жатыр. осы жерде барша халқыма, барша үйлі болып жатқан жандарға құтты болсын айтамын. 

Шолпан Назарова, Құлсары қаласының тұрғыны:

- Үйімнің іші көңілімнен шықты. Жаңа бәрін аралап көрдім. Әдемі екен, үлкен екен. Кең екен. Жарық. Өзіме ұнады.

Шағын ауданды дамыту жобасы да әзірленген. Көшелердің өзіне қазір асфальт төселді. Енді мектеп пен балабақша салынады. Сонымен қатар демеушілердің көмегімен спорт кешені де бой көтермек. Биыл көше жарығы да жүргізіледі.

Жұмабек Қаражанов, Жылыой ауданының әкімі:

- Көше жарығы, әрине, басты назарда, бақылауда. Біз осы қыркүйек айындағы сессиямен тиісті қаражатын қарастырып, көше жарығын жүргізгіміз келіп отыр. Ол – бір. Бұл мына 100 тұрғынға салынған тұрғын үйдің арасына салынатын болады. Одан бөлек Құлсары мен Болашақ ықшам ауданының арасында да көше жарықтары болады.

Болашақ ықшам ауданы Құлсары қаласынан 4-5 шақырым қашықта орналасқан. Тұрғындарды тасымалдау үшін қоғамдық көліктер 1 қазанда жұмысын бастайды.

Асланбек Шығыр, Жандос Рахметуллин