Ақтөбе орман шаруашылығында техника тапшы

Жасыл желек пен жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің мобильді топтарына көлік қажет, деп хабарлайды 24KZ.

Сонымен қатар жер жыртатын соқа жеткіліксіз. Қазір өңірде күзгі көшет егу науқанына дайындық басталды. Дегенмен мамандар ескі техникамен амалдауға мәжбүр. 

Ақтөбе орман шаруашылығы биыл мың жарым гектар даланы жасыл желекпен көмкеруді жоспарлаған. Қазір Бұтақ өзені маңында 84 гектар жер дайындалып жатыр. Тың жерді бірнеше рет жырту қажет. Сонда тоң түсер алдында егілетін жас көшеттер тез жерсініп, күн жылынған сәтте бой көтереді.

Аманбай Тәжімішев, Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі бөлімшесінің аға орманшысы:

- Қарағаш егіледі. Сосын мына 12х24 болып жыртып жатырмыз ғой. Оның 12-сі өрт қауіпсіздігіне техникалар жүру үшін қалдырылып жатыр. Қалған 24 метріне 6 қатар егеміз. Оның екі жақ қапталы – бұталар, 4 қатары – қарағаш.

Облыс орталығының айналасына жасыл белдеу жасақтау мақсатында биыл 2 млн 800 мың түп ағаш егу қажет. Бірақ бұл жоспарды жүзеге асыруға техника тапшылығы қолбайлау болуы мүмкін.

Бауыржан Мырзағалиев, Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесі директорының орынбасары:

- 3 өрт сөндіру көлігі болуы керек. Патрульдік 14 көлік болуы керек мекемеде. Қазіргі таңда 3 Niva бар, патрульдік көлікке арналған УАЗ бар. Енді соқа, дискі құралдарына келсек, 8 соқа, бараналы дискі 10 шақты керек.

Жалпы биыл өңірдегі орман шаруашылықтарына 4 өрт сөндіру мен 4 патрульдік көлік, 3 су сорғы стансысы және 2 мотопомпа алынған. Техникалар сұранысқа сай үлестірілмек. Бұдан бөлек, 18 трактор, 29 шағын патрульдік кешенді лизинг арқылы сатып алуды қарастырып жатыр. Ал орманшыларға қажетті көшеттерді жергілікті тұқымбақ өсіреді.

Шәки Бұқанов, Ақтөбе орман және жануарлар дүниесін қорғау мекемесінің орманшы инженері:

- Бір жылдықтары бар, екі жылдықтары бар. Солардың өздерінің стандартына сәйкес соны біз егеміз. Өйткені олардың шығымына да көп көмегі болады. Осы күзде, құдай бұйырса, 1,5 млн-дай түп ағаш шығарылу жоспарланып отыр.

Ауданы 32 гектар болатын тұқымбақта қарағаш, емен, үйеңкі, шырша мен қарағайлардың 12 түрі егілген. Бәрі де жергілікті ауа райына төзімді әрі топыраққа жерсінген.

Авторлары: Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов.