Шет ауданында 80 мың гектар жер мемлекет меншігіне қайтарылды

Қарағанды облысының Шет ауданында игерілмей, бос жатқан жер телімдері мемлекет меншігіне қайтарылып жатыр, деп хабарлайды 24KZ.

Күні бүгінге 80 мың гектар қайтарылды. Жайылым және шабындық алқаптар жеке кәсіп ашуға ниетті тұрғындарға үлестіріліп жатыр. Алайда бұл әлі жеткіліксіз болғандықтан, осы бағыттағы жұмыстар жалғаса береді. 

Өспен ауылында жер мәселесі өзекті. Жайылым мен шабындық алқап табу қиын. «Біраз жер игерілмей бос жатса да, иесі бар», – дейді Самат Нұрмұқанов. Ол 2016 жылы шаруа қожалығын ашқан. Меншігінде 200 астам асыл тұқымды сиыр, 150 қой-ешкі және 60 жылқысы бар. Төрт түлігін бұдан әрі көбейте алмапты. Шабындық жер болмаған соң қысқы азық дайындаудан қиналған. Ал биыл мемлекет меншігіне қайтарылған 300 гектар шабындық жерге қол жеткізіпті.

Самат Нұрмұқанов, Өспен ауылының тұрғыны:

- Шабындық жерсіз өте қиын. Мысалы, біреудің жерінен шөп шабасыз. Басында үндемейді. Сосын бітіп қалған кезде келеді маған пайызымды бер деп. Шөбімді тартып алған кездер де болды. 70/30 дейді, 50/50 шауып жүрдік. Қазір тәуба, міне, ешкімге жалынбаймыз.

Былтыр Шет ауданы бойынша игерілмей жатқан 80 мың гектар жер мемлекетке қайтарылды. Шұрайлы алқаптарға кезінде тек шаруалар емес,   ықпалды адамдар да иелік етіп алған. Бірақ мақсатты пайдаланбаған.   Осындай 40 мың гектар жерді биыл қайтару жоспарда бар. Қазір жердің дұрыс мақсатта игерілуін спутниктік бақылау арқылы тексереді. Жерді пайдалану бағытына қарай талап та күшейген. Мысалы, мал шаруашылығы болса, әр 15 гектар алқапқа бір жылқыдан келуі керек. Сол сынды бір сиырға 12 гектар, ал қой басына кемі 2,5 гектар жер игерілуі тиіс.

Мұхит Мұхтаров, Шет ауданының әкімі:

- Былтырдан бері 50% дейін жүктемені ұлғайтты ғой. Жаңағы өзінің мал басына қарай. Бұрын 20% ғана болатын. Қазір оны 50-ге дейін көтерді, соған байланысты мал басы жетпей жататын болса, оған ескертпе хатын береміз. Мал басын толтыруы керек немесе жерді қайтаруға жұмыс жасаймыз.

Жерді жаңадан алғандарға да талап қатаң. Бастапқы 5 жылда мұнда арнайы тексеріс жүреді. Пайдалану бағытына қарай ол жерде тиісті жұмыстар атқарылуы керек. Жалпы биыл Қарағанды облысы бойынша 130 мың гектардан астам жерді мемлекет меншігіне қайтару жоспарланған.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.