Петропавлда 2 мыңға жуық отбасы баспаналы болды
Петропавлда тасқын судан үйсіз қалған 2 мыңға жуық отбасы баспаналы болды, деп хабарлайды 24KZ.
Оның бір бөлігі жаңадан салынған «Береке» шағынауданынан үй алса, қалғандары пәтерді таңдады.
Күлжауар Әмірова – тасқыннан зардап шеккендердің бірі. Үйі суға кетіп, техникалық сараптамадан кейін апатты деп танылды. Содан бері пәтер жалдап келген ол шілде айында баспаналы болды. Оған «Бірлік» шағынауданынан үй берілді. Қазір зейнеткер жаңа қонысына үйренсініп келеді.
Күлжауар Әмірова, қала тұрғыны:
- 5 шілдеде кірдік «биссимилях» деп, міне, содан енді ақырын-ақырын ұйымдастырып бәрін ақырын істеп жатырмыз. Ризамыз. Бірінші Президентіме. Үйдің іші бәрі ойдағыдай. Ойдағыдай. Бәрі тамаша. Осыған жеткен де бар, жетпеген де бар.
«Бірлік» шағынауданында тасқын судан зардап шеккен тұрғындарға 700 үй салынды. Қазір бұл бүтін бір елді мекенге айналды. Одан бөлек, демеушілердің қаржысына балабақша бой көтеріп жатыр. Ал қалған отбасылар көпқабатты үйлерге қоныстанды. Мысалы, Елена Фоминаға екінші нарықтағы үйден 3 бөлме бұйырды.
Елена Фомина, қала тұрғыны:
- Басында мемлекеттің көмегіне сенбедік. Осындай пәтерді сатып алу өзімізге өте қиынға соғар еді. Сондықтан уәдесінде тұрған жергілікті билік өкілдеріне алғыстан басқа айтарымыз жоқ.
Осылайша, Петропавл бойынша 1200-ге жуық пәтер сатып алынды. Ал апатты деп танылған үйлер бұзылып, су басқан аймақтар ретке келтірілді. Тұруға жарамдыларын жөндеуге өтемақы төленді.
Авторлары: Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Төлеген Иманов.