Ақтауда он шақырымнан астам жылу құбыры ауыстырылды
Қыс қыр астында тұр.
Ақтауда 10 шақырымнан астам жылу құбыры ауыстырылды. Жоспарға сәйкес қазан айының соңына дейін ұзындығы 11,4 шақырым болатын жылу желісі жаңғыртылады. Қала бойынша 11 учаскеде жұмыс жүріп жатыр. Құрылыс-монтаждауға 180 жұмысшы және 80 арнайы техника тартылды. Қазір мамандар екі ауысымда жұмыс істеуде. Қыстағы апатты алдын алу үшін құбырдың дәнекерленген бөлігі ультрадыбыстық құрылғымен тексеріледі. Айта кетсек, Ақтаудағы жылу жүйесінің жалпы ұзындығы 565 шақырым. Соның 79 пайызы ескірген.
Абай Естекбаев, облыстық энергетика және ТҮКШ басқарма басшысының орынбасары:
- Қыркүйек айының соңына дейін құрылыс-монтаждау жұмыстарын аяқтап, жылыту маусымына дайындық шеңберінде опрессовкаға қазан айында кірісеміз деген жоспарымыз бар. Әдетте Ақтау қаласында жылыту маусымы қазан айының 10-15 інде басталатын еді. Сол кезеңге үлгереміз деп жұмыс атқарып жатырмыз.