Мегаполистердің сәулеттік келбетін сақтауға мән беріледі
Жарнама жариялаудың талаптарын бұзған кәсіпкерге қатысты жауапершілік күшейтілу мүмкін.
Еліміздің Ұлттық экономика министрлігі Мәжілісте Астана, Алматы және Шымкент қалаларын дамытуға арналған заң жобасын таныстырды. Құжатта мегаполистердің өзіндік сәулеттік келбетінің сақталуына мән берілген. Ол үшін дизайн-код жасалады. Ал Алматының дизайн-кодын былтыр калалық мәслихат бекітті.
Жанат Айтілеу, "Алматыбасжоспар" ҒЗИ бөлім басшысы:
«Алматының сәулеттік келбеті біркелкі болуы керек. Түсі, материалдары деген сияқты. Алматының өзінің бұрыннан қалыптасқан ғимараттарының түсі бар. Негізінен ақшыл түсті көп пайдаланады. Ал егер кейбір қазір ғимаратар бар мысалы шетелден көріп келеді де қара, қап-қара түспен салып жатқан ғимараттар бар. Олар әрине біздің дизайн-кодқа келмейді».
Дизайн-код ғимараттарда жарнама жариялауды да реттейді. Заңды немесе жеке тұлғаға тиесілі ғимаратта жарнама талапқа сай орналастырылуы қажет. Егер талап бұзылса жауапқа сол нысанның иесі тартылады. Мәжілісте таныстырылған заң жобасында Жер кодексінің 109-бабына өзгеріс енгізу ұсынылып отыр.
Ұлан Уәйіс, Алмалы ауданы бойынша қалалық жоспарлау және аумақтық дамытуды үйлестіру қызметі басшысының м. а:
«Сонымен бірге Әкімшілік кодекстің 455-бабына қосымша енгізу қарастырылып отыр. Онда шағын және орта бизнес жауапкершілікке тартылады. Жалпы соңғы үш жылда қалада жарнама жариялаудың талаптарын бұзған 5 кәсіпкер жауапқа тартылған».
Сәулетші-урбанист Владислав Филатов Алматының тарихи келбетін сақтап қалуға мүдделі. Қала халқы жыл сайын өсіп, инфрақұрылым дамып, жаңа ғимараттар салынып жатыр. Осының барлығы тұрғындардың тұрмыс салтына әсер етеді. Сондықтан дизайн-кодпен қоса әлемдік тәжірибеде бар «15 минут» деген жобаға назар салсақ дейді. Яғни мектеп, балабақша мен аурухана сынды мекемелер үйден 15 минуттық жерде орналасуы керек.
Владислав Филатов, сәулетші-урбанист:
«Жайлы квартал аумағының ұзындығы 150, ені 100 метр болады. Бұл тұрғындарға өте қолайлы. Қажетті инфрақұрылым бар. Алея мен парктер тұр. Сондықтан адамдар орталыққа тұруға ұмтылады. Міне осы жобаны сақтап, жаңалаумыз керек. Бұны шеткері аудандарда пайда болатын ықшам аудандарда жүзеге асыруға да болады».
Жалпы дизайн-кодта қауіпсіздікке де ерекше мән берілуі тиіс. Ең бастысы тазалыққа, ұқыптылық пен тұрғындардың жүріп-тұруына ыңғайлы болу қажет, дейді мамандар.
А.Садуақас, С. Бейсекенов