Биыл Астанадағы асханаларда 28 рет өрт болған

Елімізде 350 мың газ баллоны жаңартылып, оларға арнайы белгі қойылады.

Бұл туралы төтенше жағдайлар министрлігі мәлімдеді. Құрылғылардың қызмет ету мерзімін де қысқарту жоспарланып отыр. Тозығы жеткен газ баллондары тұрғындар өміріне қаншалықты қауіпті? Мәселені Серік Селеубайұлы зерттеді.

Бұл қорқынышты кадрларды оқиға куәгерлері түсірген. Бұл өткен аптада елордадағы қоғамдық тамақтану орындарының бірінде болған жарылыс. Нан мен самса пісіріп сататын дүңгіршек Құдайбердіұлы көшесінің бойындағы адам көп жүретін жерде орналасқан.

Көбей Асанхан, дүкен сатушысы:

- Басында байқамадық. Кішкене күйіктің иісі шығып жатқанын сездік. 11-ден аса магазинді жауып, есік алдына келдік. Есік алдына келгенде бірдеңе атылды. Пожарный, скорыйлардың даусы шықты, байқадық. Звонок түсті телефонмен. Жұмыс жаққа келіңіз, магазин өртеніп жатыр деп. Келдік. Біздікі емес, көршінің магазині өртеніп жатыр екен. 

Түн ортасында болған оқыс оқиға халықтың үрейін ұшырған. Көрші үйлердің тұрғындары қатты қорқып қалғанын айтады.

Тоғжан Иманбаева, қала тұрғыны:

- Гүрс ете қалды. Қорқып кеттік. Әсіресе баламның зәресі ұшты. Шамамен 11 жарымның кезі еді. Көршілер бәріміз жүгіріп бардық. Адамдар жараланды екен деп қалдық. Түнгі уақыт болған соң көшеде ешкім болған жоқ. Әйтпесе қайғылы оқиға орын алар еді. Қайта өрт сөндірушілер тез келіп сөндірді.   

Жансая Жұмекенова, қала тұрғыны:

- Шүкір деймін күндіз болмағанына. Ол жерде өте көп адам тұрады. Аялдамада тұрады. Жаңағы жеміс-жидек сататын. Тобырымен бала-шағаның барлығы осы ауладан өтеді. Ойнайды. Сол маңайда жүреді. Бір қуантатыны - түннің бір уағында болғаны. 

Құтқарушылар мұнда 50 литрлік газ балоны жарылғанын хабарлады. Салдарынан 24 шаршы метрді қызыл жалын жалмаған. Абырой болғанда адамдар зардап шеккен жоқ. Әкімдік бұл жер телімі жалға берілгенін мәлімдеді. Алайда «Аstana» Әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының өкілі кәсіпкер газ балонын қолдануға рұқсат сұрамағанын айтады. Жалпы қала бойынша жер учаскелерін 5 жылға жалға алған 100-ден астам қоғамдық тамақтану орыны бар.

Әлібек Әубәкіров, "ASTANA" ӘКК" АҚ Көше саудасы департаментінің директоры:

- Кәсіпкер жер учаскесін былтыр қазан айынан бастап жалға алды. Алайда бұл павильонға электр энергиясы қосылмағандықтан бос тұрды. 2-3 күн бұрын ғана жұмысын бастаған болатын.

Төтенше жағдайлар министрлігінің мәліметінше, жыл басынан бері елордадағы қоғамдық тамақтану орындарында 28 өрт болған. Жалпы осындай 1800 дүңгіршек бар. Олардың бәрі өрт қауіпсіздігі төмен санатқа жатқандықтан тексерілмейді.

Аспандияр Сапарғалиев, ҚР ТЖМ Өртке қарсы қызмет комитетінің бас маманы:

- Жоғарғы дәрежеге қоғамдық тамақтану объектілері 2000 шаршы метр және жоғары жоғары тәуекел дәрежесіне жатады. Бұл объектілер жылда өрт қауіпсіздігі саласында бақылауға жатады. 1990-нан 1000 квадрат метрге дейін бұл орташа дәрежеге жатады. Бұлар екі жылда бір рет өрт қауіпсіздігі саласында бақылауға жатады. Ал мынау 999-дан төмен қарай бұлардың бәрі төмен дәрежеге жатады. 

Өрт қауіпсіздігі қағидаларына сай ғимараттар мен нысандар бір-бірінен 6 метр қашықта орналасуы керек. Бірақ көп жағдайда бұл талап сақтала бермейді. 

Әлібек Әубәкіров, "ASTANA" ӘКК" АҚ көше саудасы департаментінің директоры:

- Оларды орналастыру бойынша шешімді біз қабылдамаймыз. Өтінім жіберген кезде құзырлы органдар қарастырады. Оның ішінде сәулет басқармасы, басқа да мемлекеттік органдар бар. Әрқайсы өз құзыреті бойынша қорытынды шығарады.

Бүгінде елімізде 348 мың газ балонының қолданыс мерзімі өтіп кеткен. Бұл туралы Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің өкілі мәлімдеді.

Азат Тағаев, ҚР ТЖМ өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің басқарма басшысы:

- Біздің нормативтік құқықтық актілерінде газ балондарының мерзімі 30 жыл деп көрсетілген. Қазіргі таңда біз нормативтік құқықтық актілерін әзірледік. Ол жерде 30 жылдан 20 жылға азайту қарастырылған. Мерзімін өткерген газ балондарын жою мәселесі қазір біз қарастырып жатырмыз. Министерство энергетиктің құрамында жұмыс тобы құрылған. 

5 жыл ішінде ескірген балондарды жаңасына ауыстырып, арнайы белгі қою жоспарланған. Төтенше жағдайлар министрлігі осылайша олардың жағдайын бақылауда ұстауды көздеп отыр.

Серік Селеубайұлы, Қанат Махмұтов