Елімізде ескірген лифттер ауыстырылады
Елімізде тозығы жеткен жеделсаты көп.
Біразының қызмет мерзімі ширек ғасырдан асқан. Осыған байланысты биыл 224 лифт, ал келесі жылы тағы 300-ін ауыстыру көзделіп отыр. Ал бұл шара елдегі жеделсаты мәселесін толық шеше ме?
Мирлан Алтынбек, тілші:
- Елордада 2000 жылдардың басында салынған барлық тұрғын үйде осындай Могилев жеделсатылары орнатылған. Жұмыс жүйесі механикалық болған соң, есіктері жабылар кезде еш кедергіні алдын ала сезбейді. Сондықтан санаулы секундтар ішінде табалдырығын аттап үлгірмеген кез келген жолаушыны қысып қалу қаупі бар. Сорақысы сол, мына қосалқы лифттің ішінде кабинасы жоқ. Шахта іші толған қоқыс. Балалар үшін қауіпті.
Негізгі жеделсаты қалаған қабатыңызға көтерсе де, есіктері ашылмай қалуы мүмкін. Әдетте ол кезде кабина ішіндегі барлық батырма істен шығады. Қамалып қалғаныңызды түсінген соң, көршілер чатына жазып көмек сұрайсыз. Не болмаса басқа жолаушылардың бірінші қабаттағы "лифт шақыру" батырмасын басқанын күтесіз.
БЛИЦ:
- Сағат тоғыздан кейін істемей қалады. Не себепті екенін білмедім.
- Проблемасы, карточканы басамыз, ақыны алады, бірақ жүрмейді. Кейде лифт есігі өздігінен ашылып кете береді. Кейде жоғары қабатқа көтереді де, есігі ашылмай қалады.
- Лифтте қалып қою проблемасы болды ма сізде? Ондай болмаған сияқты. Бірақ өткенде бір апта бойы істемеді деді. Яғни көршілер мен тұрғындар тарапынан белгілі бір шағымдар бар.
Зейнолла Жүкенов елордадағы Бараев көшесі, 2 мекенжайында тұрады. Мұнда да жоғарыда аталған Могилев лифті орнатулы. Бірақ бұл үлгісі тіптен көне. Зауыттан шыққанына биыл 26 жыл. Жүруінен тұруы көп. Өйткені істен шықса, қосалқы бөлшек табу қиын.
Зейнолла Жүкенов, қала тұрғыны:
– Жаз айларында лифт ішінде 40 минуттай қалып, шыға алмағаным әлі есімде. Күн райының ыстығына байланысты кабина ішінде тынысым тарыла бастады. Монтёр келіп құтқарды. Содан бері маңына жоламауға тырысамын. Жаяу жүргенім артық.
Лифттерді ауыстыру немесе жөндеу жұмыстары арзан емес. Осыған байланысты тұрғындар өзара ортақ шешімге келіп, ақысын 7 жылдан бастап 15 жылға дейін бөліп төлей алады. Алайда айына 7-8 мың теңгеден төлеп отыруға көбінің қалтасы көтере бермейді. Лифт компаниялары қауымдастығының өкілдері осылай дейді.
Владимир Табашнюк, ҚР "Лифт компаниялары қауымдастығы" ЗТБ төрағасының орынбасары:
– Жаңа лифтті сатып алу және орнату құны 20-25 млн теңге. Бөліп төлеу жүйесі болса да тұрғындар үшін бұл артық шығын, артық ауыртпалық. Сондықтан биылғы жүктемені орындау күрделі болғалы тұр. Жоспарымыздың тең жартысын орындасақ та, жақсы нәтиже болады деп ойлаймын.
Көнерген жеделсатыларды жаңасына ауыстыру туралы талап лифттердің қауіпсіздігі туралы техникалық регламентте жазылған. Құжат Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттерге ортақ. Бұл міндеттемені орындау мерзімі 2025 жылдың 15 ақпаны деп белгіленді.
Қызғалдақ Медетова, ҚР Өнеркәсіп және құрылыс министрлігі тұрғын үй құрылысын дамыту басқармасының басшысы:
- Бүгінде Қазақстан бойынша 34 мыңға жуық лифт болса, оның 4 мыңға жуығы алмастыруға жатады. Ал 2,5 мыңға жуығы күрделі жөндеуден өтуі керек. Сондықтан 2019 жылдан бастап, "Нұрлы жер" бағдарламасы болсын немесе осы тұрғын үй инфрақұрылымын дамыту тұжырымдамасына сәйкес 2027 жылға байланысты бізде бюджеттік қаражат бөлініп жатыр. 13,8 млрд тг бөлінді жалпы жөндеуге, 224 лифт ауыстырылады сол қаражаттың ішінде.
Аймақтардағы жағдай тіптен мәз емес. Алматы, Ақтөбе, Батыс Қазақстан және Қарағанды облыстарында 30-40 жыл бойы ауыстырылмаған лифттер бар. Бақылау, бағалау, тексеру және қадағалау жұмыстарын жүргізетін мемлекеттік инспекторлар да тапшы. Мәселен, 13 мыңға жуық жеделсатысы бар Астананың өзінде небары екі-ақ мемлекеттік инспектор жұмыс істейді, дейді Владимир Табашнюк. Айта кеткен жөн, соңғы 5 жыл ішінде елдің жеделсатыларында 10-ға жуық оқыс оқиға болған. Өкінішке орай, арты қайғылы аяқталған жағдайлар да бар.
Мирлан Алтынбек, Мадияр Қындыбаев, Артур Горшняков, Дәулет Кибраев