Жошы ұлысының 800 жылдығына арналған экспедиция жалғасып жатыр
Қарағанды қаласынан шыққан Жошы Ұлысының 800 жылдығына арналған экспедиция жалғасуда.
Жалпы «Талас-Ұлытау-Сарайшық» атты республикалық тарихи-этнографиялық зерттеу жұмыстары 10 күннің ішінде бірнеше облыстың тарихи кешендерін аралайды. Атап айтқанда, Ұлытау, Жамбыл, Қызылорда, Ақтөбе, Атырау облыстарында Алтын орда мен Жошы ұлысына қатысты тарихи құндылықтарды тереңірек зерттей түспек. Экспедиция мүшелері алдымен Қызылорда өңіріне ат басын бұрды. Мұнда жергілікті ғалымдармен, тұрғындармен кездесіп, Алтын Орда кезеңіне жататын Қышқала тарихи кешеніне соғады. Керуен құрамында тарихшы-ғалымдар, географтар, Алтын Орда зерттеушілері мен археологтар бар.
Нұртас Смағұлов, экспедиция мүшесі:
- Жошы ұлысына қатысты тарихи, мәдени ескерткіштерге зерттеу мен зерделеу жұмыстары жүргізіледі. Жошы ұлысына бұл жаңа бағыт пен тың идеялар алып келеді. Экспедиция нәтижесінде жинақталған материалдарды талдап, оны ғылыми мақала ретінде Қазақстан тарихы оқулықтарына енгізуге тырысамыз.