Он бес жауынгер «Күрең берет» атағын алды
Арнайы мақсаттағы “Бүркіт” жасағының 15 жауынгері “Күрең берет” иегері атанды.
Олар қатысқан 65 шақырымдық сынақ алаңы адам төзгісіз қиындықтар мен кедергілерге толы. Тіпті аты шулы іріктеуді сырттай бақылаған шетелдік жауынгерлер біздің жігіттердің төзімділігіне таңғалып жатыр. Сонымен биыл “Күрең беретке” іріктеу қалай өтті?
“Күрең берет” – қайтпас қайсар, өжет мінезді, рухты жігіттердің сынақ алаңы. Оған тек Ұлттық Ұланның элитасы, алдыңғы шептің алдаспаны саналатын “Бүркіт” жауынгерлері қатысады. Биылғы сайысқа 300-ге жуық адамның арасынан 80 үміткер іріктелді. Олар алғашқы кезеңде теориялық сұрақтар мен жеке нормативтер бойынша сынақ тапсырып, медициналық дайындықтан өтті. Нәтижесінде 44 жауынгер ақтық сынға жолдама алды. Нағыз қиындықтар енді басталады...
Сынақ алаңында ешкім сенің басыңнан сипап, жанашырлық танытпайды. Себебі мұнда әлсіздерге орын жоқ. Егер қимылың баяулай түссе, нұсқаушылар психологиялық қысымды күшейтеді. Онсыз да физикалық ауыртпалықтан қажыған жауынгерлердің жүйкесіне де біраз салмақ түседі. Олар 65 шақырымдық жолда жерде жорғалап, суды кешіп өту, уақытымен жүгіріп, жаралыларға көмектесу, химиялық зақымданған аймақтарда норматив орындау секілді 20 шақты тапсырма орындайды.
Нұсқаушы:
- Қазір енді үміткерлеріміз 35 шақырымды артта қалдырды. Енді тамақ ішіп, ауқаттанып алғаннан кейін күш жинап алады. Алдымызда әлі 20 км бар. Енді әрі қарай қалғаны аман-есен жетсін дейміз. Осы 35 км оңай болған жоқ. Суығы мен ыстығынан да өтті. Шыдағаны шыдап келе жатыр.
Сондай-ақ жауынгерлердің жорықта түнеуге мүмкіндігі бар. Бірақ нұсқаушылар сағат сайын шабуыл жасап, мазаларын алады. Таңғы 5-те сынақ қайта жалғасып, үміткерлер жолға шығады. Осылайша сағат сайын мықтылар іріктеліп, әлсіздер жарты жолда қала береді.
Нұсқаушы:
- Жүгіріп өту оңай емес. 35 шақырым таулы жер. Қатты шаң болып кететін құрғақ жерлер болды. Мықты, төзімді жігіттер өтіп келе жатыр.
Жорықтағы қиын тапсырмалардың бірі - нысаналарды көздеп, оқ ату. Егер осыған дейінгі кедергілерде қаруға су кіріп, құм толып қалса, атылмай қалуы мүмкін. Амал жоқ жарысты осы жерден аяқтайсың. Егер атылса санаулы оқты нысаналарға дөп тигізу керек.
Нұсқаушы:
- Берет алу үшін мықты дайындықпен қоса елге, жерге деген сүйіспеншілік керек. Береттің де киесі бар. Әр адамның басына оңай қонбайтын бақ деп есептеймін.
Қатысушыларды мәреге жеткен бойда ең қиын тапсырма қоян-қолтық ұрыс күтіп тұр. Ол өзіңмен бірге келген 2 жауынгермен 2 раунд бойы 3 минуттан жекпе-жекке шығасың. Артынша 3-кезеңде өткен жылдары күрең берет алған тың жауынгермен тағы арпалысасың. Аямайтыны белгілі. Себебі олар өздерінің болашақ әріптестерінің әлсіз болғанын қаламайды. Мықты болсаң бәрі төбесіне көтеріп, құттықтайды. Егер сол жерде талып қалсаң немесе өзің берілсең сынақты сол жерден аяқтайсың.
Осылайша сынаққа қатысуға өтініш білдірген 300 жауынгердің 15-і ғана "Күрең берет" иегері атанды. Бұл - Бүркіт жауынгерлері үшін әскери қызметтің ең биік шыңы. Біреулер 5 жыл қатысып әрең алса, басқалардың қолы әлі жетпей жүр. Айта кетейік, сайыстың басты мақсаты - экстремизм мен лаңкестіктің жолын кесіп, қазақстандықтардың қауіпсіздігін қамтамасыз ететін жауынгерлердің дайындығын шыңдау.
Мерей Қанапия