Арқалықта бос тұрған көпқабатты үйлер жаңғыртылады
Арқалық қаласында қараусыз тұрған әлеуметтік нысандар мен тұрғын үйлер жаңғыртылады, деп хабарлайды 24KZ.
Қайта жөндеуден өткен ғимараттардың бәрі халық игілігіне беріледі. Алғашқы 48 пәтер әлеуметтік топтағы азаматтарға беріледі. Баспана құрылысы аяқталуға жақын.
Бұрынғы жатақхананың ғимаратында жөндеу жұмысы қарқын алған. Қазір нысанның іші қайта жаңартылып жатыр. Баспана барлық заман талабына сай болады.
Абылайхан Бекет, мердігер ұйым өкілі:
- Инженерлік желілердің барлығын бітіріп қалдық. Жылу жүйесі де басталып бітті. Демонтаж толық жасалды, мысалға. Көріп тұрсыздар, материалдардың бәрі қазақстандық. Отандық өнім алып келдік.
Мұндағы 3 бөлмелі пәтерлердің көлемі – 80 шаршы метр. Баспаналар кезекте тұрған 600 адамға кезең-кезеңмен үлестіріледі.
Өміржан Әбдібеков, қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Бұл ғимараттың көлемі – 2650 шаршы метр. Құрылысты шамамен жыл соңына дейін аяқтауды жоспарлап отырмыз. Содан кейін жаңа пәтерлер әлеуметтік осал топтағы жандарға таратылады.
Қазір қаладағы 2 көпқабатты тұрғын үйдің құрылысы тоқтап тұр. Біреуінің құрылысына жауапты мердігер жұмысын тиісінше орындамаған. Ал екінші нысанның салынуына қаржат мәселесі қолбайлау.
Өміржан Әбдібеков, қалалық құрылыс бөлімі басшысының міндетін атқарушы:
- Біз техникалық тексеру жүргіздік. Оған сәйкес бұл үйге қомақты қаржы кететіні анықталды. Қазір бұл мәселені шешу үшін ерікті жеке кәсіпкерлерді іздеп жатырмыз.
Арқалықта әлі 3 ғимарат жаңғыртылады. Олардың екеуі педагогикалық университеттің қарамағына берілсе, қалған біреуі спорт кешені болады.
Авторлары: Рүстем Қайратұлы, Наталья Строкова, Сергей Трахтенберг.