Шымкентте қоғамдық көлік жүргізушілері әулеті тұрады

Шымкентте ұрпақтар сабақтастығын сақтаған автобус жүргізушілері тұрады, деп хабарлайды 24KZ.

Олардың жылдап жинаған жалпы еңбек өтілі ғасырға ұласып, ата жолын әке мен ұлдар жалғады. Қазір автопарк қызметкерлері зейнет жасына жеткен жүргізушінің мол тәжірибесін өзгелерге үлгі етеді.

Талғат Оразбаев қоғамдық автобусты 30 жылдан бері басқарып келеді. Әр таңда медициналық бақылаудан өтіп, көліктің техникалық тексерісін қадағалайды. Жұмыс формасының тазалығына да мән беріп, жолаушылар тасымалына асқан жауапкершілікпен қарайды.

Талғат Оразбаев алғашында ата жолымен ауылшаруашылық техникаларын жөндеуге әуес болған. Кейін қалаға қоныстанған соң автопаркке орналасқан. Қазір 35-ші бағыттың кестесінен кешікпей, жолаушылардың көңілінен шығып еңбек етіп жүр.

Талғат Оразбаев, автобус жүргізушісі:

- Көңіл бөліп тұрады. Жылына еңбек демалысына шығарады. Айлығымыз уақытылы. Көпшілікке жағамыз деп жүрміз. 30 жылдан асып бара жатыр. Осы саладан енді зейнеткерлікке шығамыз деп отырмыз.

Тәжірибелі еңбек адамының ұлдары да жүргізуші мамандығын таңдап, ұрпақтар сабақтастығын жалғады. Үлкен баласы Айдар Астана қаласында автобус айдайды. Ал Жандар болса кондукторлықтан бастап әке тәлімін алып келеді. Осылайша, әулеттің жылдап жинаған жалпы еңбек өтілі ғасырға ұласты.

Жандар Жұнсалиев, автобус жүргізушісі:

- Қазір енді барлығы автоматты түрде болып қалған. Камера бар 360 градус барлығын көріп отырамыз. Жолаушының түскен, мінгенін көріп отырамыз. Бала-шағамыз өсіп жатса, осы жұмыс өзіне ұнап жатса, қарсы емеспін. 

Автопарктің қоғамдық көліктері арқылы күнделікті 23 бағыт бойынша мыңдаған жолаушы тасымалданады. Ол үшін жоғары санатты 296 жүргізуші қызмет көрсетеді. Мекеме басшылығы сенім үдесінен шыққан Оразбаевтарды көпке үлгі етеді.

Әбдібек Үкібаев, жолаушылар тасымалы компаниясы директорының орынбасары:

- Оразбаев Талғат мырза өзінің ұлдарымен жан-жақты жауапкершілігімен көзге түскен үлгілі жүргізуші болып саналады біздің мекемеде. Қазіргі таңға дейін жол ережесін бұзу мен апатты жағдайға түсу тіркелмеген.

Автобус жүргізушілерінің қызметі қарапайым халықтың қарбалас өмірімен тығыз байланысты. Сондықтан оларға жоғары талап қойылған. Ал жауапкершілігін жақсы сезінген білікті маман қашан да құрметке лайық.

Авторлары: Нұрсұлтан Мұхамеджан, Самат Нағашбекұлы, Нұрмахан Бекмұратов.