Оралда депутаттар АЭС салудың тиімділігін түсіндірді

Еліміздің энергетикалық секторының 70%-і көмір электр стансыларына тәуелді, деп хабарлайды 24KZ.

Алайда Қазақстан мойнына алған экологиялық міндеттемеге сәйкес 2050 жылдарға қарай бұл тәуелділік екі есе қысқаруы тиіс. Себебі көмір жағатын стансыларда 1 гигаватт қуат өндірген кезде 7-ден 120 мың тоннаға дейін күкірт қоспасы, 7 млн тоннадай көмірқышқыл газы ауаға тарайды. Ал бұл көрсеткіш АЭС-те нөлге тең әрі күн және жел стансыларына қарағанда тұрақты қуат көзімен қамтамасыз ете алады. Бүгін сенаторлар Арман Өтеғұлов пен Ләззат Рысбекова Орал кірпіш зауытының ұжымымен кездесіп, АЭС-тің артықшылығын әңгімеледі. Бүгінде әлемде 415 реактор жұмыс істеп тұрса, 62-cі жаңадан салынып жатыр. Атом электр стансысын салуда әлемдік тәжірибе мен МАГАТЭ ұсынымдары ескерілмек. «3-ші буын реакторларының басты ерекшелігі пассивті ядролық қауіпсіздік жүйесінде», – дейді депутаттар.

Арман Өтеғұлов, ҚР Парламенті Сенатының депутаты:

- Бұл – болашағы бар нәрсе, керек нәрсе. Кең байтақ Қазақстанымыздың баршасын электр қуатымен қамту болашақта күрделене беретін болады және Қазақстанның дүниежүзінің алдында міндеттемесі бар, болашақта 60-шы жылдарға қарай зиянды заттарды шығармау туралы. Қоршаған ортаны қорғау болашақта күн тәртібінен түспейтін мәселе деп ойлаймын. Сондықтан АЭС салу – болашақтың мәселесі.