Павлодар облысында егін бітік шықты

Павлодар өңірінде астық бітік шықты. Былтырғымен салыстырғанда түсім 3 есе артық, деп хабарлайды 24kz.

Бидайдың сапасы да диқандардың көңілінен шыққан. Қазір егіс алқаптарында орақ науқаны қызу.

Ел жаңбырсыз күндері егіннің жартысын жинап үлгерді. Бұл шамамен 500 мың гектардай егіс алқабы. Облыс бойынша орташа есеппен әр гектарынан 12 центнерден өнім жиналып жатыр. 650 мың тонна астық бастырылып, 17 мың тоннасы қамбаға құйылған. Азық-түлік корпорациясы бидайды сатып алу бағасын бекітті. Үшінші сұрыпты бидайдың бір тоннасы 100-110 мың теңге, төртінші, бесінші сұрыпты бидайдың тоннасы  90-80 мың теңгеге тоқтады.

Есентай Мұрсәлімов, облыстық ауыл шаруашылығы  басқармасының бөлім басшысы:

- Астықты сатып алу алдымен келісілген бағаға сәйкес жүргізіледі. Одан кейін коммерциялық бағытта өткізіле бастайды. Облыс бойынша 1400-ге тарта шаруашылық дала жұмыстарымен айналысады. Яғни, астық салады. Егіс алқаптарының  көлемі биыл 165 мың гектарға артты. Егер күн ашық болса, қазан айының ортасына дейін орақ науқанын толық аяқтаймыз деп ойлаймын.