Қарағанды облысында астықтың 60%-і жиналды
Қарағанды егіннің жартысынан астамын орып, қамбаға құйды, деп хабарлайды 24kz.
Биыл астық бітік шықты. Диқандар бидай сапасы да жылдағыдан тәуір деп отыр.
Арқада күн райы да қолайлы болған. Қырман басындағы қауырт жұмысты тілшіміз Руслан Нұрланұлы көріп қайтты.
Руслан Нұрланұлы, тілші:
- Шахтер ауылының диқандары биыл жылдағыдан мол өнім алды. Егіннің әр гектарынан орташа есеппен 18-20 центнерден астық түсуде. «Ауа райы қолайлы уақытты пайдаланып, шашау шығармай қамбаға басу қажет», - дейді Берік Көшенов. Ол 35 жыл бойы механизатор болып еңбек етіп жүр.
Берік Көшенов, механизатор:
- Тоқтамай жүріп жатырмыз. Жаңбыр жауып, шық тұрса, кішкене күтеміз. Сосын қайтадан етеміз. Әйтеуір таңертең келеміз 07.00-ден бастап, кешкі 22.00-23.00-ге дейін шабамыз. Жыл бойғы еңбектің жемісі ғой енді. Осы нансыз қайда барамыз?
Шаруашылық биыл 36 мың гектар алқапқа дәнді-дақыл мен картоп еккен. Жаз жайлы, жаңбырлы болды. Бұған қоса, заманауи тенологияны кеңінен пайдаланудың нәтижесінде мол өнім алды. Көктемде тұқымды тазалап, химиялық өңдеуден өткізіп сеуіпті. Ал жаз бойы алқаптар алып агрегаттардың көмегімен суарылды. Мұнда 1165 гектар алқапқа тамшылатып суару технологиясы қолданылады. «Келесі жылы тағы 600 гектарға ұлғайтамыз», - дейді фермер Георгий Проко
Георгий Прокоп, «Шахтер» шаруа қожалығының директоры:
- Шамамен 67 мың тонна астық жинаймыз деген болжамымыз бар. Бидайдың сапасы өте жақсы. Элиталық тұқымға сұраныс зор. 500 гектар алқапқа картоп ектік. Шамамен 27 мың тонна өнім жинаймыз деп отырмыз. Астық, көкөніс сақтайтын қоймаларымыз дайын.
Ауа райы қолайлы болып, жаңбыр жаумаса, егін жинау науқаны қыркүйек айының соңына дейін аяқталады. Қазіргі уақытта астықтың 60%-тен астамы жиналды. Орташа өнімділік әр гектарына 11-12 центнерден келеді. Мұндай астық облыста осыдан 12 жыл бұрын жиналыпы
Саят Мусин, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:
- Облыс бойынша егін жинау науқаны қарқынды жүріп жатыр. Жалпы 900 мың гектардан астам егін орылуы керек. Оның ішінде 766 мың гектары бидай. Енді ауыл шаруашылығы тауар өндірушілері биылғы жылға арзандатылған жанар-жағармаймен қамтылды.
Егін ору науқаны үшін диқандар арзандатылған 15 мың тонна дизель отынымен қамтамасыз етілген. Сонымен қатар астық кептіру орындарына қолжетімді бағамен 2 мың тоннадан астам сұйытылған газ бөлінген.
Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар