Атырауда 3 млн тонна қоқыс игерусіз жатыр

Атырау қаласындағы тұрмыстық қатты қалдықтарды қабылдайтын қоқыс полигонының тозығы жеткен, деп хабарлайды 24kz.

Бүгінде мұнда 3 млн тоннадан астам түрлі қалдық қордаланып жатыр. 50 жылдан астам уақыт пайдаланылған қоқыс алаңы экологиялық талаптарға сай келмейді.

Полигондағы бей-берекет қоқыс онсыз да көп болған соң тұрғындар ескі-құсқысын қала шетіне төге бастады. Биыл 100-ге тарта заңсыз қоқыс алаңы анықталыпты. Бұл жайында облыстық мәслихат депутаттары мен СЭС мамандары дабыл қаққан еді.

Қала іргесіндегі қоқыс полигонының биіктігі бүгінде 5 қабатты үймен теңесіп қалған. Аумағы 35 гектар жерде шамамен 3 млн тоннадан астам қоқыс үйіндісі жатыр. Сұрыптаусыз тасталған қоқыс жаз айларында өртеніп, онсыз да экологиясы нашар қаланың тынысын тарылтуда.

Арман Хайруллин, облыстық мәслихат депутаты:

- 2021 жылғы Экологиялық кодекс бойынша заңсыз жұмыс істеп жатыр. Өйткені ол жерді қоқыс фракциялары ешқандай сұрыпталудан өтпей қордалануда. Ал осының нәтижесніде органика түрлі улы заттар бықсып, өртеніп қала халқының тынысын тарлытуда.

Бұл мәселе соңғы 10 жылда күн тәртібінен түскен емес. Экологиялық талаптарға сай жаңа полигон құрылысы 2016 жылы қолға алынған болатын. Бірақ түрлі себептермен әлі басталған жоқ.

Нұрболат Бөлеков, қалалық құрылыс бөлімінің басшысы:

- Қазіргі таңда ЖСҚ түзету енгізіліп жатыр. Өйткені жерасты суларының көтерілу мәселесіне байланысты қоқыстарды көметін. Сосын халық санының көбеюіне байланысты бұрын бірінші жоба бойынша жылдық көлемі 150 мың м3 болған, сұрыптау болған қазір 200 мыңға көбейтіп жатырмыз.

Әзірге ескі полигон қолданыста. Жергілікті билік өз күшімен 50 жылдан бергі қордаланған қоқыс алаңын тазартып, залалсыздандыру жұмыстарын бастады. Негізгі жұмыс мердігер анықталғасын қолға алынбақ.

Ғасырбек Төлеген, қала әкімінің баспасөз хатшысы:

- Қазіргі таңда Атырау қалалық ТКШ және тұрғын үй инспекциясы тарапынан электронды конкурс жарияланып, рекультивация жұмыстары бойынша жеңімпаз анықталған болатын. Жаңа полигон құрылысы аяқталғаннан кейін қаладағы қоқыс мәселесі шешімін табады деп жоспарлап отырмыз.

Арыстанбек Кенже, тілші:

- Қалай дегенмен де, ескі полигон әлі де жұмыс істеп тұр. Осында тәулігіне 350 тоннадай қоқыс тасымалданады екен. Егер жаңа қоқыс полигоны ашылатын болса, осы ара толықтай өңделіп, қала балансына тапсырылатын болады.

Авторлары: Арыстанбек Кенже, Айбек Байзақов, Жандос Рахметуллин