135 мың қазақстандық шетелдерде жұмыс істейді
135 мың отандасымыз шет мемлекеттерде жұмыс істейді. Бұл туралы Көші-қон комитеті хабарлады.
Біреу арман қуып, біреу жоғары жалақы іздеп шекара асады. Бірақ шетелге барғанның бәрі байып кетіп немесе іздегенін тауып жатқан жоқ. Алаяқтарға алданып, шаш етектен шығындалғандар да бар.
Шернияз Жалғасбекұлы, тілші:
- Ресей, Корея, Түркия және Біріккен Араб Әмірлігі. Біздегі екі қолға бір күрек іздегендер осы мемлекеттерге бейім. Бас-аяғы 135 мың отандасымыз өзге елдерде еңбек етіп жүр. Бұл – ресми дерек. Ал өз бетімен шекара асып, жырақта жанын жалдап жұмыс істеп жүргендердің нақты санын айту қиын. Алданып, арам тер болғандары да бар. Жауаптылар мәселені шешу үшін заңды жұмыс берушілерді бір арнаға біріктіруге ниетті. Осылайша, шетел асырамын, аста-төк ақшаның астында қалдырамын дейтін алаяқтардың жолын кеспек.
Ерболат Абулхатин, ҚР ЕХӘҚМ Көші-қон комитеті төрағасының орынбасары:
- Сапарға дайындық жұмыстары қолға алынды. Қазіргі таңда жұмыспен қамтудың жекеменшік агенттіктерде тиісті жұмыстар қолға алынып, біріккен ассоциация құрылды және олар алдағы уақытта Migration.enbek.kz порталына тіркеледі. Сонымен қатар тиісті бірыңғай тарифтер бекітіліп, қадамдық алгоритм құрады.
Шекара асқандардың бәрінің бірдей шекесі шылқыды деу қиын. Қыруар қаржыға қарық боламын деп жүріп, алаяқтарға алданғандар бар. Солардың бірі – Тілек Бәкіров. Ол тамызда Ұлыбританияға барған. Әлдебіреулер күтіп аламын, жұмысқа тұруға жәрдемдесемін деген екен. Соларға сеніп, тіл білмесе де Лондонға табан тіреген. Алайда Англияны айтып, аң-таң еткендер уағдадан айнып, уәдесінде тұрмаған. Табыс табамын деп барып, тақырға отырғанын түсінгеннен кейін амалсыз атажұртқа оралыпты. Елге келіп полицияға шағымданғанмен, нәтиже жоқ.
Тілек Бәкіров, Қарағанды қаласының тұрғыны:
- Полицияға жаздым, ешқандай хабар жоқ, шақырған жоқ тергеуге, ештеңеге. Скриншот жасап, бәрін бердім, жоқ. Асқар Сағитжанның өзіне 800 мың теңге бердім. Ал билет бару-келуі 400-500 мың теңге кетті. Барлығы 1,7-1,6 млн теңге кетті. Маған айтты ғой, бір-ақ айдың ішінде қайтарып аласың ақшаны деп.
Ешкім еріккеннен шекара аспайды. Елдегі айлығы шайлығынан артылмағандықтан шет мемлекеттерге сабылады. Ең қиыны Тілек секілді алданып қалған ағайынның нақты санын тап басып айту қиын. Себебі еңбек визасынан бөлек, туристік рұқсат қағазбен жолға шығатындар көп.
Авторы: Шернияз Жалғасбекұлы