О.Бектенов көктемгі су тасқынының алдын алу бойынша бірқатар тапсырма берді
Ақмола облысының 190 елді мекенінде су тасқынына қарсы іс-шаралар жүргізілуде. Бұл туралы өңір әкімі Марат Ахметжанов Үкімет отырысында мәлімдеді.
Бүгін Үкімет басшысы министрлер кабинетіне су тасқынын болжау, елді мекендер айналасына топырақ үю және су жіберу каналдарын дайындау сынды бірқатар тапсырма берді.
Олжас Бектенов өз сөзінде өңір әкімдері биыл күздің соңына дейін аталған жүктемелерді іске асыру қажет екенін ескертті.
Айта кетейік, бүгінде Қоянды, Талапкер, Қараөткел сынды елорданың іргесіндегі ауылдарда еріген суды бұру үшін айналма каналдардың құрылысы жүзеге асырылуда. Сондай-ақ Есіл және Нұра өзендерінің жағалауын нығайту және кеңейту жұмыстары аяқталуда. Ал Атбасарда қорғаныс шлюздерін орнату жүргізіліп жатыр. Бұл қызыл судың қауіпсіз өтуін қамтамасыз етуге және 400-ге жуық үйді су басу қаупінен сақтауға мүмкіндік береді. Сондай-ақ елдегі су тасқыны жағдайын ғарыштан мониторингтеу үшін арнайы ақпараттық жүйе әзірленіп жатыр.