Қазақстанда су қоймаларының 80%-і толы
2028 жылға дейін Қазақстанда 42 жаңа су қоймасы салынады.
Сондай-ақ тасқын суды бағыттау үшін 14 жарым шақырымдай магистральдық канал қазылады. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында айтылды. Қазіргі таңда елдегі су қоймалары 80 пайызға толып тұр. Алдағы көктемде табиғи апат қайталанбауы үшін 34 гидротехникалық нысан жөнделіп, 84 елді мекеннің айналасына қорғаныс бөгеті салынып жатыр. Өңірлерде төтенше жағдай қызметінің техникалық базасы жаңартылып, құтқарушылар мен медициналық бригада жұмысын жедел үйлестіретін депо құрылып жатыр. Үкімет басшысы Олжас Бектенов салалық құрылымдарға космомониторингті күшейтуді тапсырды. Су басу аймағын ғарыштық бақылау арқылы анықтау, деректерді жинау, болжау және ескертуді жүзеге асыратын жүйе құруды тапсырды.
Нұржан Нұржігітов, ҚР Су ресурстары және ирригация министрі:
- Ағымдағы жылы екі су қойманың құрылысы және үш су қоймасын қайта салу басталды. 580 мыңнан астам халқы бар 84 елді мекеннің қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында министрлік Ақмола, Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар, Солтүстік Қазақстан, Қостанай облыстарының әкімдіктерімен бірлесіп зардап шеккен объектілерді қайта салуға, қалпына келтіруге және қорғау бөгеттерін нығайтуға бағытталған 56 жобаның тізбесін айқындады. Сондай-ақ белсенді су тасқыны өткен 34 гидротехникалық құрылыстарда Қазсушар филиалдары жөндеу жұмыстарын бастады.