Су тасқынынан зардап шеккен аймақтарға көмек бойынша шолу

Үкімет отырысында тағы қандай мәліметтер айтылды?

Мәселен, әр өңірде нақты қанша үй салынды? Мемлекет тарапынан ақшалай қолдауға қанша адам ие болды? 

Су тасқыны 10 облысты қамтыды деп айтып жатырмыз ғой. Жалпы, 17 603 тұрғын үй зардап шеккен. Барлығына техникалық тексеру жүргізілді, соның қорытындысына сай, кейбір үйлер қайта қалпына келтіруге жарамыз деп танылса, кейбірі жөнделді. Сонымен қатар облыстарда жүздеген үй жаңадан салынды. Басты мақсат – тасқын салдарынан үйсіз қалған тұрғындарды күз айларына дейін баспаналарына қоныстандыру. Облыстар бойынша тоқталып өтейін. 

Батыс Қазақстан облысында 823 үй тұрғызылды. Облыстың шалғай елді мекендерінде құрылыс жұмыстары толық аяқталған. Қала маңындағы қалған 66 үй осы айдың соңына дейін салынып бітеді деп жоспарланып отыр. Петропавлда 700 үй, Ақтөбе облысында 500 үйдің құрылысы аяқталды. Сондай-ақ, Қостанай облысында 153 баспана бой көтерді. Ақмола облысында 292 үй салынды. Құлсары қаласында 100 үйдің құрылысы аяқталды. 

Жаңа үйлердің құрылысы аяқталды

Батыс Қазақстан облысында  - 823 үй

Петропавл қаласында  - 700 үй

Ақтөбе облысында  - 500 үй

Қостанай облысында  - 153 үй,

Ақмола облысында  - 292 үй

Құлсары қаласында - 100 үй 

Премьер-министрдің орынбасары Қанат Бозымбаев жалпы биылғы су тасқыны 120 мыңнан астам адамның өміріне әсер етті, деді. Мемлекет тарапынан барынша көмек көрсетілді. 34 мыңнан астам адам 12,6 млрд. теңгеге 100 айлық есептік көрсеткіш көлемінде біржолғы төлем алды. Бұдан басқа, 150 айлық есептік көрсеткіш есебінде 21 880 отбасына келтірілген материалдық залал өтелді. Бұл да шамамен 10 млрд теңге қаржы. 

Мемлекеттік қолдау

100 АЕК - 12,6 млрд тг

34  000 астам адам 

150 АЕК - 10 млрд тг

21 880 отбасы

Шығындар мемлекет тарпынан өтеліп жатыр, бұған дейін болған апаттарда да осылай болды. Енді шығындарды өтеудің басқа да альтернативті жолдары қарастырылып жатыр ма? Бұл жайында Үкімет мүшелері не дейді? 

Вице-премьер бұл жайында пікір білдірді. Болашақта табиғи апат зардаптарын өтеу мәселесіне келгенде шығындарды тек мемлекет қазынасы есебінен өтеу емес, басқа да альтернативті жолдарын қарастыру керек. Яғни елімізде жылжымайтын мүлікті сақтандыру нарығын дамыту қажеттілігі өзекті болып тұр. Ол үшін заңнамалық өзгерістер әзірленіп енгізіледі. Үкімет отырысынан кейін болған брифингте осы мәселе айтылды. Жылжымайтын мүлікті сақтандыру нарығын дамыту қажет

Қанат Бозымбаев, ҚР Премьер-министрінің орынбасары:

- Біздің ойымызша, болашақта Төтенше жағдайлардан зардап шеккен азаматтарға өтемақы төлеудің жаңа әдістері мен тәсілдерін енгізу қажет. Біріншіден, республикалық және жергілікті бюджеттердің төтенше жағдайлар үшін резерв қаржысын анықтап алу керек. Мәселен, ол қаржы биыл жұмсалмаса да, келесі жылға қала береді. Бастысы – бұл ревервтегі қаржы төтенше жағдайдан басқа мәселеге жұмсалмауға тиіс. Сонымен қатар жылжымайтын мүлікті төтенше жағдайдан міндетті сақтандырудың тиімді моделін әзірлеуіміз керек.

Мүлікті сақтандыру әдісі көп елдерде қолданылады. Мәселен, Түркияда бұл міндетті. Есесіне, айтып келмейтін апат бола қалса, тұрғындар шығындарын толық немесе жартылай сақтадыру компаниялары арқылы өндіріп алады. Тараптардың жан-жақты жауапкершілігі күшейеді. Үкімет мүшелері әлемдік тәжірибелерді зерделеп жатқандарын жеткізді.