Солтүстікте 44 мың тонна көмір қоры бар

Солтүстік Қазақстан облысында күн суыта көмірге деген сұраныс артты.

Күз түсе тұрғындар темір жол тұйықтарын аралап, жаппай «қатты отын» сатып алып жатыр. Сату орындарында қанша көмір қоры бар? Халық қытымыр қысқа қаншалықты дайын?

Иван Фролов облыс орталығы маңындағы Якорь ауылында тұрады. Қыстың қамын ойлаған зейнеткер бүгін таңертеңнен қалаға келіп, көмір іздеп жүр. Оған 5 - 6 тонна «қара отын» керек.

Иван Фролов, Якорь ауылының тұрғыны:

- Менде ұзақ жанатын пеш. Сондықтан «Шұбаркөл» көмірін аламын. Жаңа бір орынға барғам, жоқ екен. Енді осында келдім. Қазір жүк көлігін жалдап, ауылға апарамыз. 

Бұл Петропавлдағы ең ірі көмір сататын орындардың бірі. Кәсіпорын жылына 55 мың тонна «қара отын» өткізеді. Биыл халық арасында сұранысқа ие «Шұбаркөлдің» тоннасы 19 мың теңге.

Мұратхан Тұрмұхамбетов, көмір сату компаниясының менеджері:

- Осы айда 100 вагон. Келесі айда 100 вагон. Ноябрь айында 100 вагон. Үш айға 100 вагоннан. Енді сезон кезінде 100, қалған айларда 70, 80, 60 әртүрлі енді. Қазір енді былтырғыдай ондай ажиотаж жоқ. Равномерно жүріп жатыр. 

Солтүстік Қазақстан облысының тұрғындары 400 мың тонна көмір тұтынады. Қыс алдында бағаның қымбаттап кетпеуін арнайы мамандар қадағалайды. Ал облыстық әкімдік қызметкерлерінің есебінше, қазір жергілікті халықтың 65 пайызы қысқа дайын. 

Евгения Островская, энергетика және ТКШ басқармасы басшысының міндетін атқарушы:

- Облыс бойынша 44 мың тонна көмір қоры бар. Сонымен қатар қазір қосымша тағы 108 вагон келе жатыр. Сату орындарында тапшылық жоқ. Сондықтан халыққа қысқа тез арада қамданып алған жөн. 

Ал қаладағы көпқабатты үйлер мен нысандарды жылумен қамтитын монополист компания 30 күндік көмір қорын әзірлеп қойған. Қазір станция қысқы маусымға толық дайын. 

Айдарбек Айтмұхамбетұлы, Қуаныш Қазбеков