Ақтөбеде 32 көп қабатты үй апатты жағдайда тұр
Ақтөбе облысында 659 отбасы 20 жыл бұрын апатты деп танылған үйлерде тұрып жатыр.
Өткен ғасырдың орта тұсында салынған ғимараттардың қабырғасы сөгіліп, іргетасы шөгіп барады. Тұрғындар шатыры ортасына түсіп, жазатайым боламыз ба деп қауіптенеді. Құлағалы тұрған үйлердің мәселесі қашан шешімін табады?
Қания Ажғұлова Чкалин көшесіндегі үйге 30 жыл бұрын көшіп келген. Зейнеткер екі қабатты баспананың пәтер етіп жарақтаған жертөлесін паналауға мәжбүр. Бұл ғимаратта мұндай үйдің бірнешеуі бар. 20 жыл бұрын апатты деп танылған нысанның қабырғасы сөгіліп, шатыры тесілген. Жылыту жүйесі де ескіргендіктен тұрғындардың дені сыз өтіп сырқатты болған.
Қания Ажғұлова, қала тұрғыны:
- Балалар ауырып, келінім де ауырып, балалар астма. Бір үлкен балам 16-дағы мына мұрынымен демала алмайды. Мына сыросттан кетті бәрі. Енді міне мен ауру болып отырмын. Енді не істейміз? Биыл қысты көтере алмаймыз біздер. мына батарейді қамыт кигізіп отырмыз жан-жақтан бәріміз де.
Бір көшенің бойында апатты деп танылған 5 баспана тұр. Барлығы да өткен ғасырдың орта тұсында салынған. Ғимараттарда өмір сүру қауіпті деген анықтама берілгенімен тұрғындардың бұдан өзге барар жері жоқ.
Алтын Асқарова, қала тұрғыны:
- Жауын жауып, жел көтерілгенде зәре-құтымыз қалмайды. Төбемізден су сорғалап, қабырғаның кірпіші жерге құлап жатады. Қазір электр жылыту пештерін де қоса алмаймыз. Желіге сәл күш түссе, тұйықталып, өрт шығуы мүмкін. Есік алдында ойнап жүрген балалардың басына кірпіш түседі ме деп те қорқамыз.
Жергілікті билік бұл мәселені шешу үшін инвесторларға иек артқан. Үш жыл бұрын құрылыс компаниясымен меморандумға қол қойыпты. Мемлекет қорынан жер телімін беріп, мердігер көпқабатты баспана тұрғызуы тиіс болатын. Жаңа ғимараттағы 58 пәтер апатты үй тұрғындарына үлестірілуі керек. Алайда құрылыс тоқтап қалған.
Ақнұр Қазбаева, қалалық тұрғын үй инспекциясы бөлімінің басшысы:
- Қыркүйек айында осы үйдің қабырғасын көтереміз деп уәде еткен. Енді алайда өздерінің қаражаттарының тапшылығына сәйкес қараша айына дейін уақыт сұрап отыр. Егер осы қараша айына дейін өз жұмыстарын бастамаған жағдайда қала әкімдігі берілген осы 8 гектарды қайтадан қала қорына алатын болады. Және де басқа инвестор компаниялармен қазір келіссөздер жүргізіліп жатыр. Сол компанияға берілетін болады.
Қала әкімдігі апатты ғимарат тұрғындарына баспана құнын өтеуді де ұсынып отыр. Мәселен Тынышпаев көшесіндегі мына үйдегі 8 пәтерді сатып алуға бюджеттен 40 млн теңге бөлінген.
Алёна Шин, қала тұрғыны:
- Біз тиісті құжаттарды тапсырып, өтемақы алуға келісім беріп қол қойдық. Қазір қаражатты күтіп отырмыз. 1 қазанға дейін аударылуы тиіс.
Ақтөбеде қазір 32 көпқабатты баспана апатты күйде. Жергілікті билік өкілдері алдағы жылы 8 үйдің тұрғындарына өтемақы төлеп, ғимараттар сүріледі дейді. Жалпы апатты үйлер мәселесін 3 жыл ішінде толығымен шешу көзделген.
Мансұр Есқожин, Айнадин Молдабеков, Айбек Даутов