Жезқазған – Қызылорда жолын жаңғырту жұмыстары басталды
Қызылорда-Жезқазған жолының Ұлытау облысына қарасты бөлігін жаңғырту жұмыстары басталды, деп хабарлайды 24KZ.
Жоба құны – 108 млрд теңге. Жалпы ұзындығы 208 шақырым жолды жөндеуге 4 халықаралық компания қатысады. Оның екеуі осыған дейін жолдың Қызылорда облысына тиесілі бөлігін жөндеген.
Мердігер ұйымдар қазір жол бойында вахталық қалашықтар орнату, айналма жол салу секілді жұмыстарды бастап кетті. Қыс мезгілінде жол құрылысына қажетті материалдар қорын жасақтап алмақ. Ал негізгі жаңғырту жұмыстары көктемде басталады. Құрылысқа 1 мыңнан астам жұмыс күші тартылады. Жол бойында 5 көпір мен бірнеше демалыс орны салынады.
Жалпы бұл – елдің оңтүстігі мен солтүстігін жалғайтын маңызды жол. Бірақ Бетпақдаланы кесіп өтетін 500 шақырымдық жолға әлі күнге дейін дұрыс көңіл бөлінбеген еді.