Ертіс өзенінің түбі тереңдетіліп жатыр
Ертіс өзенінің жағалауы бекітіліп жатыр, деп хабарлайды 24KZ.
Шығыс Қазақстан өңіріндегі өзенге жақын тұрған Глубокое ауданына қарасты ауылдарды тасқыннан қорғау жұмыстары қарқынды.
Келген судың кедергісіз ағуы үшін өзен түбі тереңдетіледі. Өңірдің таулы аймағында да тасқынға қарсы бөгеттер салынып жатыр.
Күн суытқанға дейін Ертіс өзенінің түбін тереңдетіп, елді мекендерге төнетін қауіпті сейілту басты міндет болып отыр. Ол үшін қазір өзен жағалауында жүзетін жер снарядтары жинақталып жатыр. Инженерлер Глубокое ауданында өзен түбін тереңдету арқылы 3 ауылды тасқыннан қорғамақ. Келер жылы 800 млн теңгеден астам қаражатқа Алтай, Қатонқарағай және Зайсан аудандарында өзен түбін тереңдету жұмыстары жүргізіледі.
Арман Наурызбаев, облыстық ТЖД төтенше жағдайлардың алдын алу басқармасының бастығы:
- Қазір жаға бекіту, өзен түбін тереңдету жұмыстары жүріп жатыр. Автокөлік жолдарында су өткізу құбырлары салынып жатыр. Көктемгі су тасқынан елді мекендерді қорғау мақсатындағы жұмыстары үздіксіз жүргізіліп келеді.
Наталья Мосиенко – Прапорщиково ауылының тұрғыны. Өзгелер сияқты ол да жүзетін снарядтарды көп күтті. Өйткені су деңгейі көтерілгенде іргедегі үйіне қауіп төнген. Ертістің арнасы тазартылғалы жағдай қалыпқа келіпті.
Наталья Мосиенко, Прапорщиково ауылының тұрғыны:
- Ешкім үйін тастап кеткісі келмейді. Су басып құлай ма деп қорқамыз. Биылғы жағдай тіпті күрделі болды. Өзен түбін тереңдету жұмыстарының нәтижесін көріп отырмыз.
Қазір облыстағы 13 ауданда қауіпті аймақтар белгіленіп, Бұқтырма, Ертіс және Үлбі таулы өзендерінің жағалауларын бекіту жұмыстары жүріп жатыр. Сонымен қатар жауапты коммуналдық мекемелер күшейтілген жұмыс режиміне көшкен.
Авторлары: Асланбек Шығыр, Вячеслав Ветлугин, Дмитрий Пыхтин.