Жамбылдық диқан картоптың жаңа түрін өсірді

Жамбылдық тұрғын Голландия картобын жерсіндірді, деп хабарлайды 24KZ.

Керімқұл Бегалиев қазір сол дақылдың өнімін жинап жатыр. Егістіктің түсімі жақсы. Гектарына 350-400 центнерге дейін өнім шыққан.

Керімқұл Бегалиевтің шаруа қожалығы – Жуалы ауданындағы картоп егумен айналысатын ең ірі шаруашылық. Диқан бұл істі алғаш 24 жыл бұрын бастаған. Шағын алқабы қазір 400 гектарға дейін жетіп отыр. Оның 70 гектарына картоп еккен. Биыл сол егістікке артемис, латона, пегассо сынды голландиялық сұрыптың 20 тоннасын жерсіндірген. Келер жылы өңірдегі өзге шаруашылықтарға сатпақ.

Керімқұл Бегалиев, шаруа қожалығының басшысы:

- Ең көп алғанымыз былтыр 440 центнерден алдық. Биыл енді сол межеге жетеміз бе деп отырмыз. Бірақ енді биыл Голландиядан алып келген ұрығымыздың өсуіне байланысты мынау Алматыдан профессорлар да келіп қарайды. Солар енді бір 50-ден береді деген жобасы бар. Біздің шаруа қожалық, «семенное хозяйство» дейді ғой, біз элита сортын алып келеміз. Бірінші репродукторын, басқа шаураларға ұрығын беріп отырамыз.

Шаруа қожалықта 15 адам тұрақты жұмыс істейді. Ал жиын-терім маусымында қосымша 100-ге жуық ауыл тұрғыны жұмыспен қамтылады. Олар картопты қоймаларға бөліп жинайды. Ірісі сатылымға шықса, майдасы тұқымдық картоп ретінде сақталады.

Шолпан Салиқызы, Б. Момышұлы ауылының тұрғыны:

- Қазір қарамағымда 35-40 адам жұмыс жасап жүр. Күнделікті 5 мың теңге бір шелек картобын алып отыр. Әйелдердің барлығына күнделікті ыстық тамағын беріп жатыр. Бүгінгі жағдайда әйел адамдар мына 6 гектардың күндігі 2 гектардан бітіріп жатыр. Енді жұмыссыз жүрген әйелдерге өте ыңғайлы жұмыс.

Керімқұл Бегалиев келер жылы қайта өңдеу кәсіпорынын ашуды жоспарлап отыр. Мақсаты – өзі өсірген картобынан фри, чипстер сынды өнім шығару. Құны 450 миллион теңге болатын жоба жүзеге асса, 60 жаңа жұмыс орны ашылады. 

Ержан Серкебаев, Жуалы аудандық ауыл шаруашылығы бөлімінің басшысы:

- Бұл кісілер аудан орталығынан жер сұрады. Енді аудан орталығынан жерді конкурс арқылы беріледі. Құдай қаласа, бұл кісілердің сұранысына байланысты. Бұл кісілер енді Қытайға барып қайтты. Ол жақта құрылғыларды қанша жерге қоятыны, қалай қоятыны. Әзірге келісімшарқа отырған жоқ. Бірақ келісімшартың негізінде бұл кісілерге жердің қажеттілігін қойып береміз.

Жуалы ауданы – кеңестік кезеңнің кезінде-ақ картобымен аты шыққан аудан. Биыл 120-дан аса аудан шаруалары 1500 гектарға картоп ексе, облыс бойынша 6,7 мың гектарға отырғызылды. Сол алқаптардан 117 мың тоннаға жуық өнім алуды жоспарлап отыр.

Авторлары: Мерей Бает, Бақытжан Бапаев, Елдар Байділдә.