Қысқы дөңгелекті қалай таңдаған жөн? Мамандар кеңесі
Кәрі құда қыс таяу. Дәл қай күні қар түсіп, күннің суытатыны белгісіз. Әйткенмен кім-кімде көлігінің қысқы дөңгелегін сайлап жатқаны анық.
Ал енді осы қысқы дөңгелектің қандайын салу керек? Оның қандай түрлері бар? Мамандар не дейді?
Күн суытып барады. Үп еткен желдің арты қарға айналса, қарбалас басталады. Көлік дөңгелегін сататын дүкендердің саудасы қызатын уақыт. Бірақ темір тұлпарды тізгіндегенімізбен дөңгелекке аса мән бермейді екенбіз. Шынында дөңгелектегі жазулар нені меңзейді? Оны сатушы маманнан білдік. Мысалға, Р әрпі біз ойлағандай радиусі емес, дөңгелектің өлшемі ғана екен.
Исламжан Сыдықов, сатушы:
- «R16», «R14» дегендер – ол өлшемі. Ол барлық дөңгелектерде бірдей жүреді. Өлшемі әртүрлі болады, бірақ барлық дөңгелектерде де болады. Енді «Y95», «H84» деген болады. Олар салмаққа байланысты. «Y92» деген ол 690 келіге дейін көтереді.
«R» әрпі бар радиалды дөңгелек жеңіл және жұмсақ жүреді. Маманның пайымы – бұл. 3 түрлі фирманың өнімін сататын Исламжан Сыдықовтың сөзіне сенсек, машина дөңгелегінің бір-бірінен айырмашылығы көлемінде және бағасы мен сапасында екен.
Исламжан Сыдықов, сатушы:
- Біз баллон сатамыз. Қысқы және жазғы. 3 түрлі фирма бар. Бұлардың айырмашылығы бағасы мен сапасында. Шама келсе, «шипы» салғаны дұрыс. «Тормоз» ұстауына да жақсы болады. Жүргенде де жеңіл жүреді. Жұмсақ әрі жүруге қолайлы.
«Қыс мінер шанаңды жазда сайла», – дейді қазақ. Қазірдің өзінде біраз ағайын қамданып, қысқы дөңгелек сатып алып жатыр. Тапсырыс бергендер де көп. Әрине, қол жеткендер жаңасын салдырады. Ескісін қимай жүріп алатындар да табылады. Мамандар мұны көлік иесінің жауапкершілігімен байланыстырады.
Ілияс Алымов, дөңгелек жөндеуші:
- Сымы шыққанша жүретіндер бар. Жоқ емес ондай адамдар. Әдейі олай жүрмейтін шығар. Кейбіреуінде мүмкіндігі болмай қалады. Көбісі жаңаға қарағанда қолданылған дөңгелектерді салдырып алады. Адам тағдыры жүргізушінің қолында. Сондықтан баллонға көңілді көп бөлу керек.
«Көлікпен ұзақ жолға шыққанда немесе тас жолда жүргенде жабысқақ дөңгелегін салған дұрыс. Бұл әсіресе қыста қолайлы. Өйткені қар жұқпайды. Ал шеге қағылған дөңгелек асфальтта көпке шыдамайды», – дейді дөңгелек сату компаниясының өкілі Жандос Сапаров.
Жандос Сапаров, компания механигі:
- Құмды жолдарда, ауылдық жерлерде, таулы жерлерде жүргенде МТ форматында дөңгелектер салған тиімді. Өйткені оның құрамында протекторлар, біріншіден, қалың болады. Сапасы мықтырақ болады. Тастарға жыртыла қоймайды.
Маманның айтуынша, көліктің дөңгелегін баптай да, сақтай да білу керек. Күтіп ұстаса, кемі 2-3 жыл пайдалануға болады.
«Қысқы дөңгелекті қар түскенін күтпей салған дұрыс. Өйткені жолға мұз қатады. Ал оның арты апатқа соқтыруы мүмкін. Бұдан бөлек, көлік тепе-теңдік сақтап жүруі үшін дөңгелектің желін де жиі тексеріп тұру міндет», – дейді мамандар.
Авторлары: Асантемір Қаршығаұлы, Арман Ақшабаев.