Жастар арасында қатарластарына қысым көрсету дерегі азаймай тұр
Астанада бопсалаумен айналысқан 20 қылмыстық топ ұсталды.
Ішкі істер министрлігінің мәліметінше, көбі – жастар. Мектеп оқушылары мен колледж студенттері арасында құрдастарына қоқан-лоқы жасайтындар азаймай тұр. Биыл 39 іс тіркелген. Елдің Денсаулық сақтау министрлігінің дерегінше, шамамен 7 млн баланың 1,5 миллионы қатарластарынан зәбір көреді.
Алматы тұрғыны Марал Ілекерованың 10 жасар ұлы қатарластарынан қысым көрген. Бірақ ата-анасына тіс жармаған. Құрдастары оны кекетіп-мұқатуды әдетке айналдырған. Марал мұны баланың телефонына жазылған жаға ұстатарлық хаттардан кездейсоқ байқап қалады. Мұғалімдері мектептен тыс уақытта болған деп, бастарын ала қашқан. Марал учаскелік полицияға шағымданады. Алайда олардан да қайыр болмаған.
Марал Ілекерова, ата-ана:
- Ана жердегі мәтіннің өзі, мен қазір айта алмаймын. Маған, ересек адамға, ондай сөздің өзі сүйегімнен өтіп кетті. Ешкім түпкі жағдайға кірмейді. «Участковыйлар» тіпті арыз жазуды білмеді. Жазғандары қате-қате. Фамилия дегенді дұрыстап жаза алмаған. Оған дейінгі менің жазған арызым да жоқ.
Маралдың ұлы секілді қатарластарынан қысым көрген балалардың саны азаймай тұр. Елде шамамен 7 млн бала бар. Оның 1,5 млн-ға жуығы буллинг құрбаны болады екен. Ал 500-ге тарта оқушы айына 2-3 рет құрдастарынан зәбір көреді. Тіпті 900-ден аса бала қатарластарына жасалған буллингке қатысқанын мойындаған.
Ал психологтар: «Қоқан-лоқы жасауға жаны құмар балалармен жұмыс істеу қажет», – дейді. Психологтардың көмегіне жүгінуге кеңес береді. Айтуынша, бала бойындағы агрессияны жасырып қоя алмаймыз. Әр эмоциясы маңызды. Тек сол сезімдерді басқаруды үйрету қажет. «Сондай-ақ қатыгез отбасынан қатігез бала өседі», – дейді психолог.
Айгүл Наурызбаева, психолог:
- Ең бірінші буллингті үйден алады. Бұл агрессия қайдан шығады? Балада 7 жастан бастап тұлғалық даму қалыптасады. Сол кезеңдерде бала нені көреді, соның бәрін норма деп санайды. Бала аргессивті ортада үнемі ұрыс-керіс, жанжал болған жерде немесе тек бұйрықпен берілген ортада өмір сүрсе, ол баланың денесінде жинала береді. Кез келген адам эмоцияны сыртқа шығару керек. Сол эмоцияны өзінен әлсізге барып шығарады.
Оқу-ағарту министрлігі елдің 9 өңіріндегі 50 мектепте «Досбол like» бағдарламасын іске асырып жатыр. Бұл жоба 2009 жылдан бері 15 мемлекетте қолданылып келеді. Олардың ішінде Финляндия, Ұлыбритания мен Жапония бар. Оқушылар буллинг пен оған тән белгілермен таныс болады. Ол үшін арнайы ойындар ұйымдастырылады. Буллер, арандатушы мен жәбірленушінің рөлін ойнайды. Әрі сырттан бақылайды. Осылайша, мамандар: «Буллингке бейқам қарауға болмайтынын балалар түсінеді», – дейді.
Бақыт Әлиев, ҚР Оқу-ағарту министрлігі «Өркен» балалардың әл-ауқатын арттыру ұлттық ғылыми-практикалық институтының өкілі:
- Қазір білім беру ұйымдарында ата-аналарды педагогикалық қолдау орталықтары іске қосылған. Сол орталықтың сабақтарында ата-аналарға буллинг туралы, оны жанжалдан қалай ажыратамыз, оның белгілері қандай, оның алдын алудың, күресудің жолдары қандай деген педагогикалық кеңестер жүргізіледі.
Мектепте балаңыз буллингке ұшыраса, не куәсі болса, «Өркен» ғылыми институтының сайтында арыз түсіруге болады. «Мен не туралы үндемеймін» деген батырманы басып, жағдайды толық баяндап бересіз. Мұны мамандар оқып, тиісті шара қабылдайды. Бастысы, есіміңіз құпия сақталады.
Еске салайық, буллинг жасағандарға 10 айлық есептік көрсеткіш көлемінде айыппұл салынады. Яғни жауапты 37 мың теңгеге жуық төлейді. Мұндай әрекетке 12 мен 16 жастағы жасөспірімдер барса, онда айыппұл баланың ата-анасына салынады.