Шымкенттегі домофон компанияларының картельдік келісім жасағаны дәлелденді

Шымкентте аппеляциялық сот домофон компанияларының картельдік келісімге барғанын растады, деп хабарлайды 24kz.

Қаладағы тұрғын үйлердің басым бөлігіне қызмет көрсететін 3 домофон компаниясы бағаны бір уақытта көтерген. Олардың әрекеті қаншалықты заңға саятынын, бәскелестікті қорғау және дамыту жөніндегі агенттік тексеріп, сотқа арызданды. Сот шешімі бойынша үш компания 10 млн теңге айыппұл арқалады. Алайда, монополия орнату арқылы түскен 70 млн теңгені тәркілеу туралы департамент талабын сот қанағаттандырған жоқ. Компаниялар өз қызметтерінен түсетін табыстың шығындарды ақтамайтыны туралы уәжін дәлелді деп шешті. Дегенмен, Бәсекені қорғау және дамыту агенттігінің департамент басшысы Ернар Қосбаевтың айтуынша, домофон компаниялары айыппұлды толық өтеген.

Ернар Қосбаев, Бәсекелестікті қорғау және дамыту агенттігі Шымкент қ. департаментінің басшысы:

- Сот шешімі шыққаннан кейін біз жолдаған нұсқамаға келешекте бәсекелестікті қорғау саласындағы заңды толыққанды орындауын және де осы аталған құқық бұзушылықты қайталамауы туралы бізге хат жүзінде жауап берді.