Төлеби ауданында су электр станциясы салынып жатыр

Түркістан облысының Төлеби ауданында су электр станциясы салынып жатыр, деп хабарлайды 24kz.

Жоғарғы Ақсу ауылдық округінде іске асырылып жатқан жоба, тәулігіне 48 мың КВТ тоқ өндіретін болады. Су электр станциясы Чехияның технологиясы бойынша салынып жатыр.

Шағын су электр станциясы Сарқырама елді мекеніндегі Ақсу өзенінің бойынан салынып жатыр. Жоба құрылысы биыл көктемде басталған. Мамандардың айтуынша, су 35 метр биіктіктен құлап, тоқ шығаратын генераторды айналдырады. Жоба құны – 1,5 млрд теңге.

Абыл Қасымов, «Жасыл қуат» ЖШС маманы:

- 2 мың КВТ-қа дейін тоқ аламыз деп жоспарлап отырмыз. Жалпы жоба қүны – 1,5 млрд теңге. Биылғы жоспарымызосы гидроэлектр станция мен бассейнді құру. Осының арасындағы өткелді құбырлар арқылы соны біз мынаған жалғаймыз. Сосын Ақу өзеніне қарай қосып қоямыз.

Инвестициялық жоба жүзеге асқанда тұрғындар үшін тұтынатын электр жарығының бағасы «Оңтүстік Жарық» мекемесі ұсынып отырған тарифтен төмен болмақ. Сондай-ақ мұнда жергілікті 10 тұрғын тұрақты жұмыспен қамтылмақ.

Дәулет Данаев, Сарқырама ауылының тұрғыны:

- Шет мемлекеттерге тәуелді болып қалғанбыз электр энергиясы бойынша. Қазір міне, Құдайға тәубе, өзімізден өнім шығайын деп жатыр. Бұның пайдасы болмаса, ешқандай зияны жоқ. Қазір ауыл тұрғындарының көбісі бұны қолдап жатыр. Және де бізге ауылдан біраз жұмысшы алып, жұмыспен қамтимыз деген уәдесі бар.

Сонымен қатар инвестор бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі аясында елді мекенге спорт кешенін өз қаржысы есебінен салып бермек. Тұрғындардың өтініштерін ескере отырып, округтің инфрақұрылым жүйесін жақсартып, әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосады. Қосымша салық көздері көбейеді. Аталған нысан 2025 жылы қолданысқа беріледі деп жоспарланып отыр.

Авторлары: Жандос Жұмабек, |Ерболат Әбіш