Қонаевта жеке балабақша қызметкерлері екі айдан бері жалақы ала алмай жүр
Қонаев қаласындағы жеке балабақша қызметкерлері екі айдан бері өздеріне тиесілі жалақысын ала алмай жүр, деп хабарлайды 24kz.
Сол себепті оларға зейнетақы мен медициналық сақтандыру жарнасы аударылмаған. Аталған мектепке дейінгі білім беру мекемесінде құжат жүзінде 100-ден астам бала тіркелгенімен, іс жүзінде онда 60 бала барған. Қалалық білім бөлімі мен құзырлы органдардың араласуымен осындай заңсыздықтар анықталған соң балабақша жабылды.
Ардақ Айбарұлы, тілші:
- Қонаев қаласындағы жеке балабақшада қызмет етіп, жұмыссыз қалғандардың бірі – Гүлім Ботабаева. Айтуынша, «Бэби сити 1» мектепке дейінгі білім беру мекемесінің басшысы оны жұмыстан шығарып жіберген.
Гүлім Ботабаева, жеке балабақша қызметкері:
- Мен бұл балабақшада 2018 жылдан бері жұмыс жасаймын. Оның ішінде медсестра да болдым, повар да болдым. Тәрбиешінің көмекшісі де болдым. Қазіргі таңда екі ай жалақымызды ала алмай жүрміз. Қыркүйектің басында жұмысқа орналасайын десем, мені базадан шығармаған. Соның кесірінен мен жұмысқа тұра алмадым.
Айгерім Бекжанова, жеке балабақша қызметкері:
- Бізде шілде айында әдеттегідей жалақымыз түсуі керек еді, бірақ түскен жоқ еңбекақымыз. Одан кейін тамыздың 26-і күні мен декретке шығуым керек болған. ЦОН-ға барып, құжатты тапсыратын кезде менің зейнетақы қорымда ақша жоқ ешқандай, бөлінбеген. Яғни, осы уақытқа дейін біздің айлығымыздан ақша ұстап келді зейнетақы қорына деп, бірақ ешқандай ақша түспей отырған. Мен қазір айлығымнан бөлек, декреттік демалысқа шыға алмай жүрмін.
Осындай шағымдарын алға тартқан тәрбиешілер жеке балабақшаға барып, директор мен меңгерушіні орнынан таба алмады. Ұялы телефондарына қоңырау шалып еді, ешкім жауап бермеді. Қонаев қалалық білім бөлімі мен прокуратура қызметкерлері осы оқиға қатысты тексеріс жүргізіп, бірнеше заңсыздықты анықтады. 20 тамыздан бастап балабақша жабылды. 60 ата-ана аталған жеке балабақшадан балаларының құжаттарын ала алмай дал болып жүр.
Виктория Зырянова, қала тұрғыны:
- Менің балам «Бэби сити 1» балабақшасына баратын. Жабылып қалғалы бері құжаттарын ала алмай жүрмін. Басқа балабақшаға орналастыру үшін медециналық кітапшасы керек. Бұл менің ғана емес, барлық ата-аналардың басындағы жағдай. Бізге көмектесулеріңізді сұраймыз.
Қаламқас Сәрсенбаева, қалалық білім бөлімінің басшысы:
- Бүгінгі күнде құзырлы органдар тиісті жұмстар жүргізуде. Қалалық прокуратура тексеріс ашады. Сол тексерістің нәтижесінде 381-ші бұйрық талаптарына сәйкес келмейтіні анықталды. Сол себепті маусым айынан бастап қаржыландыру тоқтатылды.
Бұл оқиғаға байланысты қандай шешім қабылданары әзірге белгісіз. Сол себепті жеке балабақша қызметкерлері мен ата-аналар жергілікті атқарушы билік өкілдерінен көмек сұрап отыр.
Авторлары: Ардақ Айбарұлы, Аят Дүйсенбаев, Аманжол Жөңкешов