Өскеменді Қатон-Қарағаймен жалғайтын жол жөнделіп жатыр

Тұмса табиғатымен танымал Шығыс Қазақстанда туристік аймаққа апаратын жолдар жөнделіп жатыр.

Мұндай  ауқымды жұмыс отыз жылдан бері алғаш қолға алынды. 

Енді Риддердегі Батыс Алтай қорығы мен Қатон-Қарағайдағы Рахман бұлақтарына барып келу жеңілдейді. Мамандар ой-шұңқыры көп автожолды тақтайдай  етеміз-деп отыр. Биылғы жолдауында Мемлекет басшысы дәл осы көлік-логистика саласын  дамытудың стратегилық маңызына тоқталып, бұл бағыттағы жобалар қатарын көбейтуді тапсырған болатын.

Өскемен - Қатон-Қарағай бағытындағы жолда қысы-жазы көлік үзілмейді. Көрікті аймаққа ағылатын адам көп. Жазда сенбі-жексенбі күндері бұл трассадан 22 мың автокөлік өтеді екен.  Екі ортада жиі жүретіндердің бірі Жанболат Әмірғазин. Табиғаты сұлу,сәні ерекше өлкенің жолы көптен бері жанымызға батып жүр еді, дейді ол. 

Жанболат Әмірғазин, Серебрянск қаласының тұрғыны:

- Осының алдындағы жол бір он жылға жетті ме жоқ па, қайта бұзылды ғой,енді жасалып жатқанынан қауаныштымыз әрине. Осы жол жетер жеріне Рахман  қайнарына дейін жетсе жақсы болар еді.Елдің дамуына үлкен себеп қой осындай жол деген. 

Халыққа сапалы жол ұсынып, логистика саласын дамытуды  ел Президенті назарда ұстап келеді. Туристік өлкедегі автожолдарды жөндеу туралы Үкімет басшысы да тапсырма берді. Осылайша талай жылдан бері тоз-тозы шығып жатқан трассалар үстінде қазір қарбалас басталды.Қаржы мәселесі де оңтайлы шешілді. 

Нұрбек Темірханов, "ҚазАвтоЖол" ҰК ШҚО филиалының директоры:

- Бүкіл ел бойынша бірнеше ауданда талай жылдан бері жол мәселесі өте өзекті болды. Биыл мінеки барлық қаржы мәселесі шешілді. Орталықтағы басшылардың қолдауымен сонымен қатар салалық министрліктің тапсырмасымен сапасыз автожолдарды жөндеп бастадық.Бұл жұмыс алдағы уақытта да жалғасады.

Жалпы ел шығысындағы жолдарды қалыпқа келтіруге 40 миллиард теңгеге жуық қаражат бөлінді.Бұл шаруаны жеделдетті. Қазір Риддер мен Семейге баратын бағытта  жұмыс қарқыны мықты. Ал осы  Қатонқарағайға апаратын жолдың биыл 60 процентін  жөндеп, аяқтау  межеленіпті. Мамандар дамыл таппай  еңбектеніп жатыр.Өйткені жер бедері күрделі, күн райы құбылмалы. 

Ермек Әлиев, жоба жетекшісі:

- Биылғы жылғы жоспар бойынша 60 процентін бітіру ол 26 шақырым бітіреміз. 24 сағат жұмыс жасаймыз, екі ауысыммен күндіз-түні. 

Қатон-Қарағай бағытында әйгілі Осинов өткеліндегі серпантинді  айналып өтетін төте жол құрылысының аяқталуын да қарайған халық күтіп жүр. Ал құз бойына төселген  ескі трасса болса, кейін туристік  тартымдылық ретінде сақталады. 

Эльмира Ахметова, тілші:

- Төте жол төселген соң да  Осинов өткелі қараусыз қалмайды дейді мамандар. Бұл серпантин фотосессия жасап, табиғатты тамашалайтын туристік локацияға айналады. Өйткені дәл осы жерден Алтай тауларына  керемет бір көрініс ашылады.

Демек, келер жылы туристер үшін  көрікті өңірге жету біршама жеңіл әрі қауіпсіз болмақ.

Эльмира Ахметова.Жігер Бабаханов