Astana Media Week: өңірлік ақпарат құралдарының болашағы талқыланды
Салалық журналистиканы дамыту қажет. Тілшінің бір салаға мамандануы – уақыт талабы.
Astana Media Week медиа апталығына қатысқан сарапшылар осылай дейді. Яғни, әр журналистің, әрбір медианың өзіндік бір бағдары болуы керек. «Сол бағыт бойынша терең жұмыс істей берсе, салалық журналистика түгел дамиды», – дейді мамандар.
Айта кетейік, елордада дәстүрлі медиа апталық өтіп жатыр. Кешелі бері отандық БАҚ пен цифрлық коммуникациялар саласында ойып тұрып орын алған ауқымды алаңда медиа-компаниялардың жетекші сарапшылары, халықаралық ұйымдардың өкілдері және танымал журналистер өзекті мәселелерді талқылап жатыр. Бүгін өңірлік бұқаралық ақпарат құралдарының болашағына болжау жасап, жоспарларымен бөлісті. Сондай-ақ әлемдік трендтерден қалмай, әлеуметтік желілердің игілігін көру маңызды екені айтылды.
Жанна Жайлаубайқызы, Turkistan телеарнасының басқарушы директоры:
- Игілік Республикалық арнаға да, аймақтық арнаға да бірдей жетеді. Жасанды интеллект келді, біз бірінші пайдаландық. Жасанды интеллект пайда болған сәттен бастап, ең алғашқылардың бірі болып Түркістан телеарнасы енгізген болатын. Біздің Күншуақ Табиғатқызы деген әріптесіміз бар. Ол галаграмма түрінде интеллектпен жасалған. Бүкіл Қазақстан бойынша ауа райын жеткізеді. Соны түсінетін жақсы мамандардың арқасында соны біз өндіріске енгізе алдық.