Атырауда шаруалардың мүлік шығыны өтелетін болды

Атырау қаласының іргесіндегі 160 гектар орман алқабы көктемгі тасқыннан зардап шеккен.

Мыңдаған ағаш 2 айға жуық уақыт суда қалды. Бұған қоса 34 шаруа қожалығының мүлкі тасқын кезінде бүлінген. Бұған дейін «шығын өтелмей жатыр» деген шаруалардың өтініші қаралып, өтемақы берілетін болды. Құжаттарды қабылдау желтоқсан айына дейін жалғасады. 

Бұл – қала іргесіндегі Соколок каналының бойында орналасқан орман алқабы. Жасыл аймаққа айналады деген аумақтағы ағаштар түгелдей суға кетті. 2 айға жуық уақыт суда тұрған өскіндердің тамыры шіріп өлген. 2018 жылдан бері отырғызылған ағаштардың қазір пайдаға асары жоқ. Жер кепкеннен кейін қалыпқа келтіру жұмыстары жүріп жатыр. Ал келген шығын көлемі есептеліп жатыр.

Жаңбырбай Мұқанғалиев, облыстық орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі мемлекеттік мекемесінің инженері:

- 2 метрдей су көтерілді осы жерде. Түгел жеріміз судың астында қалды. Шамалы жер қалды. Арғы жағында 30 гектар жер қалды. Енді бәрін қайтадан түзеп жатырмыз. Қоршау салып қайтадан. Тал егіліп жатыр бұл жердің бәріне. 160 гектардай жер судың астында қалды. Әлі кеппей жатқан жер бар. 80 гектардың жартысы әлі кепкен жоқ.

Орман алқабы ғана емес, қала іргесіндегі 34 шаруа қожалығы да суға кетті. Тасқын кезінде төрт түлігін қырға айдап үлгергенмен, шаруалардың үйі мен қорасын су шайып кетті. Бұған дейін олар: «Жылжымайтын мүлік шығыны өтелмей жатыр», – деп дабыл қаққан еді. Енді жергілікті билік өтемақының төленетінін айтады.

Нұрдәулет Жұмасейітов, облыстық кәсіпкерлік және өнеркәсіп басқармасының басшысының орынбасары:

- Атырау облысы бойынша 75 шағын және орта кәсіпкерлік, яғни шаруа қожалықтарының алдын ала реестрі жасақталды. Бұл Атырау қаласы, Махамбет ауданы және Жылыой аудандары бойынша. Жалпы өтінімдер қабылдау ағымдағы жылдың желтоқсанына дейін жалғасады.

Бұдан бөлек, тасқыннан зардап шеккен егіншілерге де өтемақы беріледі. Қазір 112 өтініш қанағаттандырылған.

Азат Қапанов, облыстық ауыл шаруашылығы және жер қатынастары басқармасының бөлім басшысы:

- Жалпы көлемі 1 млрд 112 млн теңгені құрап отыр. Бұл қаражат жергілікті бюджеттен бөлінді. Ендігі осы қазан айынан бастап өтеледі.

Көктемгі тасқын кезінде 850 гектар егістік су астында қалды. Жауаптылар: «Суға кеткен мал шығыны да өтеледі», – дейді.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Амантай Матенов.