Қарағанды облысындағы Берекет ауылына 40 жылдан соң су құбыры тартылды

40 жыл су азабын тартқан ауылдағы ағайын тіршілік нәріне қол жеткізді, деп хабарлайды 24KZ.

Қарағанды аймағындағы Берекет ауылына құбыр тартылды. Осыған дейін халық суды екі шақырымнан тасып ішкен. Жалпы облыс бойынша ауылдарды сумен қамту жұмыстары қаншалықты қарқынды? Тұрғын саны аз, бюджет қаражаты қарастырылмаған елді мекендердің мәселесі қалай шешілмек?

Берекет ауылында бір кездері мына «скважина» қазылып, бірақ құбыр тарту жұмыстары аяқталмай қалған. Соның салдарынан тұрғындар 40 жыл бойы су азабын тартты. Тіршілік нәрін 2 шақырым жерден тасып ішті. Күлғайша Жүнісова осы елді мекенде 1982 жылы келін болып түскелі тұрады. «Содан бері су тасудың мәшақатын көрдік», – дейді ауыл тұрғыны.

Күлғайша Жүнісова, Берекет ауылының тұрғыны:

- Суымыз тасымал болды осы уақытқа шейін. Енді, мінекей, 2024-те суға қолымыз жетіп жатыр. Сол рақатын көріп жатырмыз енді. Бұрын даладан тасыдық, одан сыртқа төгу үшін тасыдық. Қиындығын көрдік.

Жыл соңына дейін Шет ауданы бойынша 8 ауылға су тартылады. Келер жылы тағы 6 ауылды сумен қамту жоспарланып отыр. Бұған қоса тұрғын саны 200-ден аспайтын шағын елді мекендердің мәселесі де назардан тыс қалмайды. Ол жерлерге қаражат қарастырылып, модульдік ұңғымалар қойылып жатыр.

Нұрсұлтан Серік, Шет ауданы құрылыс бөлімінің басшысы:

- Келер жылға жобалық-сметалық жұмыстарды әзірлеп жатырмыз. Аталмыш жобалық-сметалық құжаттар әзірленген соң сараптама қорытындысының оң нәтижесі алынады деп күтіліп отыр. Алынған жағдайда облыстық бюджетке сұраным жолданып, қаржы бөлінген жағдайда құрылыс жүргізіледі.

Қарағанды облысында 342 ауылдық елді мекен бар. Оларда 209 мың адам тұрады. Бүгінгі таңда тұрғындардың 95%-і тіршілік нәрімен қамтылған. Алдағы жылдары тағы 32 жоба жүзеге асырылмақ. Оған қазынадан 4,8 миллиард теңге қарастырылып отыр.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайлау Игіліков, Зарина Зұлпыхар.