Төлеби ауданында 5 жылға созылған көпір құрылысы аяқталды
Түркістан облысының Төлеби ауданында құрылысы ұзаққа созылған көпір пайдалануға берілді, деп хабарлайды 24kz.
Балдыберек өзенінде салынған өткел 2019 жылы тапсырылуы тиіс еді.
Алайда мердігердің жауапсыздығынан құрылыс жұмыстары 5 жылға кешікті. Бұған жауаптылар не дейді? Ауыл тұрғындарының пікірі қандай?
Қаратөбе мен Қостөбе ауылдарын байланыстыратын көпір құрылысы 2018 жылы басталған. Алайда мердігер мекеме өзіне жүктелген міндетті толық орындамай, жұмысты орта жолдан тастап кеткен. Соның салдарынан ауыл тұрғындары 5 жыл бойы қиындық көріп келгендерін айтады.
Әділ Оразов, Қаратөбе ауылдық округі Ардагерлер кеңесінің төрағасы:
- Ел болғанан кейін басқа ауылдан келеді, ауданнан келеді, республикадан келеді. Ұялатынбыз, ел емеспіз бе? Неге бұлай болды деп. Содан кімнен қате кеткенін білмеймін, біз мердігерлерді кінәладық. Бір-екеуі сотталып та кетті. Жалпы мердігер азаматтарға айтарым, елдің ризашылығын аламын дегендер кірісу керек. Естіп жатамыз, бірде-бір техникасы жоқ, тендер ұтып алады. Бұл жемқорлықтың тікелей жолы ғой. Сол себепті мен корупцияға қарсымын, қарақтарым!
Көпір – Қаратөбе мен Қостөбе ауылдарын байланыстырады. «Бастауын таудан алатын Балдыберек өзені көктемде тасығанда екі ауылдың арасында қатынас үзіледі», - дейді тұрғындар. Халықтың өтінішімен биыл аудан бюджетінен 38 млн теңге қаралып, көптен күткен өткел құрылысы аяқталды.
Асабай Балтабаев, Қаратөбе ауылдық округінің әкімі:
- Әсіресе, қыс, көктем айларында Балдыберек өзеніміз тасып жатқан кезде осы ауыл тұрғындарына, оқушылардың сабаққа барып-келуіне қатты кедергі болды. Көлік апаты болып қала, көпірден құлап кететін жағдай болады ма деп жатқан едік. Бір апта болды, көпір пайдалануға берілді. Қазір шешімін тапты. Халқымыз өте дән риза болып жатыр.
Сағыздай созылған бұл іске сыбайлас жемқорлықпен күрес қызметінің мамандары араласып, жауапсыз мердігер мекеме өкілдері жауапқа тартылған. Келтірілген шығын өндіріп алыныпты. Өңірлік Сыбайлас жемқорлық тәуекелдер картасына облыс аумағында тапсыру мерзімдері бұзылған 8 әлеуметтік нысан енгізілген.
Айта кетейік, құрылысы кешеуілдеген әлеуметтік нысандар Ордабасы мен Төлеби аудандарында орналасқан. Енді олардың құрылысы тікелей СЖҚІҚА антикордың бақылауында болады.
Авторлары: Жандос Жұмабек, Ерболат Әбіш