Қостанайда жасырын патруль пайда болды
Қостанайда жасырын патрульдер көмегімен қыркүйек айында 1685 жол қозғалыс ережесін бұзу оқиғасы анықталған, деп хабарлайды 24kz.
«Жасырын патруль» – өңірде бір ай бұрын енгізілген жолда жүру тәртібін бақылаудың жаңа әдісі. Полиция қызметкерлері ешқандай таңба, жарық белгісі жоқ көліктермен көшеде жүріп, жылдамдықты шектен тыс асырғандарды тіркеуге алады. Жасырын қызмет көліктері автоматты фото-бейне түсіру кешенімен жабдықталған. Сондықтан барлық ақпарат электронды жүйемен бірден процессингтік орталыққа жіберіледі.
«Қозғалыс тәртібін бақылаудың мұндай жүйесін енгізуге жол апатының жиілеп кеткені себеп болды», - дейді полиция қызметкерлері. Облыс орталығының өзінде биыл 347 жол-көлік оқиғасы тіркелген. Бұл өткен жылмен салыстырғанда үш есе көп. Әзірге облыс бойынша он «жасырын патруль» бар. Алдағы уақытта олардың саны көбеюі мүмкін.
Алмат Қарымсақов, Қостанай қалалық жергілікті полиция қызметі бөлімі басшысының орынбасары:
- Олардың маршруты жол-көлік оқиғаларын сараптау негізінде анықталады. Яғни, қай маңайда ереже жиі бұзылады, сол аумаққа жіберіледі. Жылдамдықты асырғандардың көлік құралы, нөмірі автоматты режимде өңделіп, бірден айыппұл төлеу жөнінде хабарлама жолданады.