Қ.Тоқаев Түркістан облысында білім беру, мәдениет және спорт нысандарын аралайды
Мемлекет басшысы жұмыс сапарымен Түркістан облысына барды, деп хабарлайды 24kz.
Қасым-Жомарт Тоқаев аймақтағы білім беру, мәдениет және спорт нысандарын аралап көреді. Сондай-ақ бірқатар кәсіпорынға барады. Өңірде жүзеге асырылып жатқан инвестициялық жобалармен танысады деген жоспар бар.
Бекзат Аманов, тілші:
- Түркістан – қасиетті, киелі мекен. Тасын түртсең, тарихы сөйлейтін аймақ қазір қанатын кеңге жайып келеді. Президент ауқымды жұмыс сапарында өңір серпілісіне септігін тигізетін бірқатар нысанды аралауды жоспарлап отыр. Қасым-Жомарт Тоқаев киелі өңірге табан тірей салысымен, жұмыс сапарын Қожа Ахмет Ясауи кесенесіне зиярат етумен бастады. Тегі түркі жұртына ортақ рухани ұстаз бен өзге де тарихи тұлғалардың рухына тағзым етіп, құран бағыштады.
Түркістан – халық тығыз орналасқан өңір. Мұнда 2 млн-нан аса адам тұрады. Тұрғындар саны күннен күнге артып келеді. Тиісінше, аймақ аз уақытта қанатын кеңге жайды. Бұл жер қазір тарихи ғимараттарымен ғана мақтанатын көне шаһардан жаңғырған заманауи қалаға айналды. Зәулім әрі әсем ғимараттармен қатар түрлі әлеуметтік нысандар да бой көтеріп жатыр. Әсіресе, мектеп құрылысына баса мән беріліп жатыр. Биыл апатты және үш ауысымды оқу ордаларының мәселесі толығымен шешіледі. Білім сапасына да назар ауған.
Оның үстіне өңір тек туристік орталық емес, біртіндеп өңдеу өнеркәсібі дамыған аймаққа айналып келе жатқандай. Жергілікті атқамінерлер алдағы екі жылға 145 жобаны іске қосуды жоспарлап отыр екен. Оның құны 2,5 трлн теңгеге жетеді. Ірі зауыттардың алды қазір өнім шығара бастады.
Нұралхан Көшеров, облыс әкімінің орынбасары:
- Биыл 59 жобаны іске асырамыз деп жоспарланған болатын. Жалпы сомасы 142 млрд-тан асқан. Оның 25-і іске асып отыр. Құны 76 млрд теңге құрайтын. Нәтижесінде жаңадан 800 жұмыс орны ашылды.
Жауаптылар әр инвестормен жеке сөйлесіп, қолайлы жағдай жасауға ұмытып жатқанын айтады. Осылайша, өндіріп ғана қоймай, өңдейтін өңірге болады. Бұл өз кезегінде мыңдаған жұмыс орнын ашып, экономикаға серпіліс әкелмек.
Авторлары: Бекзат Аманов, Еділ Ермекбаев, Дулат Ентебеков