Орталық Азиядағы ядролық энергетиканың дамуы талқыланды
Еліміздегі британдық ядролық институт филиалы мамандарының бастамасымен елордада энергетика нарығындағы хал-ахуал талқыланды.
Жиынға атом және энергетика саласының өкілдері қатысып, Орталық Азиядағы ядролық энергетиканың даму болашағы жайында пікірлерін ортаға салды. Айтуларынша, биыл Орталық Азиядағы бірқатар мемлекет атом генерациясын іске қосу жайында келісімшарттарға қол қойған. Мәселен, көрші Өзбекстан 6 реактор салуды жоспарлап, бұл қатарға Моңғолия, Қырғызстан қосылуға ниетті. Қытайда атом электр станцияларының санын 150-ге жеткізу болжанып отыр. Себебі бүгінде Орталық Азия елдері әлі де көмірсутек отынына тәуелді. Мұнай, табиғи газ бен көмір қуат көзі ретінде басымдыққа ие. Электр энергиясына сұраныстың артуы жаңа технологияларды енгізуді талап етеді. Мамандар оның бірден-бір тиімді жолы атом энергетикасын қолдану екенін дәлелдеді. Сондықтан бүгінде көптеген ел атом электр станциясын салып, энергетикалық тұрақтылық пен экологиялық мәселелерін шешуге бет бұрды.
Бауыржан Ибраев, NNWI Central Asia Kazakhstan консультативтік кеңесінің төрағасы:
- Атомный генерация керек, мысалы Астананың түбінде тұрған жел станцияларының біреуі де түстен кейін істемеді. Ешқандай электр қуатын бермеді. Соған қарағанда жел жоқ болса, біз қалай қуатсыз күн көреміз деген сұрақ қой. Сондықтан атомный генерация болғанын өзім қалаймын.
Сергей Агафонов, "Қазақстандық энергиямен жабдықтаушы ұйымдар қауымдастығы" ЗТБ төрағасы:
- Жаңартылатын энергия көздерін дамыту жайындағы көптеген жобаларды қолдаймын. Бірақ тек жаңартылатын энергия көздері арқылы біз көміртекті бейтараптылыққа қол жеткізе алмаймыз. Атом электр станциясынан басқа экономикалық, экологиялық тиімді, үнемді қуат түрі әлемде жоқ деуге болады. 80 жыл жұмыс істеп тұрған электр станциялары 20 жылда ғана өзінің құнын ақтайды.