Елімізде зияты бұзылған балалар да мамандық игере алады

«Болашақ қорының» пилоттық жобасы Астанадағы колледждердің бірінде бастау алды.

Қала әкімінің қолдауымен аутизм және даун синдромы бар 20 балаға «Аспаздық», «Тігін ісі» және «Сәндік-қолданбалы өнер» мамандықтары үйретілмекші. Оқуын енді бастаған өрендер қазір өндіріс орындарында тәжірибе жинап жүр. «Бұл да олардың қоғамдағы орнын қалыптастыруға мүмкіндік береді», ­­­­– дейді мамандар. Ал еліміздің өзге колледждерінде инклюзивті білім беру жолға қойылған ба?

Бүгін - Асылбек Сатиновтың кезекті жұмыс күні. Аутизмның жеңіл түрімен ауыратын өрен Елордадағы дәмханалардың бірінде қызмет етеді. Аспаздың көмекшісі. Иә, жауапты міндет, бірақ жас маманның ынтасын әріптестері жоғары бағалап отыр. Оның еңбек дағдысының қалыптасуына арнайы мектеп ықпал етті.

Асылбек Сатинов, студент:

- Мен өз жұмысымды жақсы көремін. Аспаздарға көмектесемін. Өзім үйде тұздықтар жасаймын, мәнті түйемін. Жұмыста шоколадты ерітіп, тәттілерге қосам. Тамаққа қажет өнімдерді тураймын. Қоспалардың салмағын өлшеймін.

Станислав Шляхов, отбасылық дәмханалар желісінің бренд-шефі:

- Мұндай балалармен бірінші рет жұмыс істеп тұрмын. Өзім түрлі адамдармен қарым-қатынаста болғанды жақсы көрем. Міне, Асылбекпен де жұмыс істеп жатырмыз. Ол жалақысын алады. Берілген тапсырмаларды бұлжытпай орындайды. Өте тиянақты бала. Бұл ­­­­– қоғамға керек жоба.

«Болашақ қоры» бастамашы болған пилоттық жоба аясында Астанадағы қоғамдық тамақтандыру және сервис колледжінде алғаш рет «аутизм» және «Даун синдромы» бар 20 балаға тегін мамандық игеруге мүмкіндік туды. Асылбек те солардың қатарында. Қазір 1 топта диагнозы ұқсас он бала білім алады.

Жанна Қалиева,  «Болашақ» қорының супервизоры:

- Әлі дұрыс сөйлей алмайтын балалар да бар. Сондықтан оларды демеп, жетектеп отыру керек. Аутизм сияқты диагноз үшін бұл өте маңызды. Арнайы мектепте қалыптастырған әдісті колледжде де қолданамыз.  Бұл баланың ортаға тез бейімделуіне мүмкіндік береді.

Өкініштісі, елде қолданбалы мінез-құлықты талдау мамандары жоқтың қасы. Тіпті ондай мамандық оқытылмайды да. Ресми дерекке сүйенсек, елдегі 40 мыңға жуық баланың зияты бұзылған. Оның 10 мыңы инклюзивті білім алады, қалғаны арнайы мектептерде оқиды. Бірақ барлық түлекке мамандық игеруге мүмкіндік жоқ.

Лаура Бұтабаева, ҚР ОАМ Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры:

- Мойындауымыз керек, зияты зақымданған балалар меңгеріп шыға алмағандықтан, колледждердің барлығы ол балалармен жұмыс жасауға құзіреттері жетпей жатады. Сол себепті 47 арнайы мектептердің барлығын арнайы мектеп колледж статусына ауыстыру жұмыстарын жасап жатырмыз. Балалар мектептен алып шыққан еңбек дағдыларын әрі қарай кәсіби дағдыға айналдыру үшін біз сол жерде колледждерді ұйымдастырсақ деп соның механизмдерін қарастырып жатырмыз.

Бастысы, инклюзивті жұмыс орындары жеткілікті. Әсіресе кәсіпкерлер қоғамдық жобаны қолдайды. Міне, Астанадағы колледж студенттерінің алды еңбекке араласа бастады.

Динара Гаплан, «Болашақ» корпоративтік қорының қамқоршылық кеңесінің төрағасы:

- Біздің үш студентіміз қосымша жұмыс істеп жүр. Аутизм, даун синдромы бар балалар жоба аясында оқу-өндірістік комбинаттардан іс-тәжірибеден өтті. 10 бала ақылы тағылымдамадан өткен. Соның үшеуі тұрақты жұмысқа орналастырылды. Олар қоғамдық тамақтандыру орындарында халыққа қызмет көрсетеді.

Зияты бұзылған балаларды мамандыққа баулу оңай шаруа емес. Десе де арнайы әдістеме бар. Оларға қолайлы мамандықтар тізімі де толықтырылады. Әзірге 60 колледжде ерекше балалардың өзге студенттермен қатар оқып, кәсіби дағды игеруіне жағдай жасалыпты.

Лаура Бұтабаева, ҚР ОАМ Инклюзивті және арнайы білім беру департаментінің директоры:

- Мұндай балаларға осыған дейін колледжге түсетін квота 1 пайыз болса, қазір 10 пайызға дейін ұлғайтылды. Бұл балаларды колледжде оқи алады деген заключениесін қосу арқылы НҚА жетілдіру үстіндеміз. Әлі де кадрлар тапшылығы бар, оны барлық кадрмен қамтамасыз етілді деп айта алмаймыз. Ол бойынша біліктілік санаттарын арттыру немесе арнайы мектептермен тәжірибе алмасу сияқты механизмдерін қарастырғанбыз.

Біздің елде аутизм диагнозы бар адамдарды жұмыспен қамту жолға қойылмаған. Оларды ортаға бейімдеу де жауапты міндет. «Болашақ қоры» сеңді бұзып, көп ата-ананың үмітін жағып отыр. Жергілікті биліктен қолдау болса, өзге өңірлердегі колледждерді де аутизм мен даун синдромы бар балаларға ыңғайлап беруге дайын.

 

Авторы: Мерей Мұратханқызы