Ақмоланың Жарқайың ауданында судан зардап шеккендердің барлығы баспанамен қамтылды

Ақмола облысына қарасты Жарқайың ауданында тасқыннан зардап шеккен тұрғынның барлығы баспанамен қамтылды.

Жалпы аудан бойынша 63 үй тұруға жарамсыз деп танылған. Баспанасы жөндеуге келмейтін 33 отбасыға қалауы бойынша аудан орталығынан пәтер сатып алынса, 30-ына ауыл іргесінен жаңа үйлер салынды.

Көктемгі тасқында үйін шатырына дейін су басып, барлық мүлкі бір сәтте бүлінген жанның бірі Елена Шарина. Ол Пригородное ауылының тұрғыны. Қарғын су үйінің іргетасын зақымдап, қабырғасын қопсытып жіберіпті. Сондықтан оған 3 бөлмелі жаңа баспана берілді.

Елена Шарина, Пригородное ауылының тұрғыны:

- Иә, қуанышымызда шек жоқ. Біз жарты жылға жуық баламыздың үйінде тұрдық. Енді міне жаңа үйге қоныстанып жатырмыз. Жаңаның аты жаңа ғой. Жайлы, әдемі. Қиын кезде қол ұшын созған жандарға алғысымды айтамын.

Жалпы Пригородое ауылындағы 105 үйге су кірген. Соның 55-сі тұруға жарамсыз. Қазір 30 отбасыға ауылдан жаңа үй салынса, 25 жанұяға аудан орталығынан жаңа пәтер сатып алынды.

Айнагүл Смағұлова, Пригородное ауылының тұрғыны:

- Жаңа үй жақсы. Өзіміз таңдап алдық. Өзімізге выбор берді. Өздеріңіз қарап, таңдап қай үй деп айтасыз сол үйді аламыз деді. Хозайндарына ақшаларын төлеп, үйді түсірдік өз атымызға.

Көктемгі тасқын кезінде ауылдағы мектепті де су басқан. Тіпті, білім ошағы бір айға жуық қарғын судың астында тұрыпты. Ал оқушылар қалаға қатынап оқуға мәжбүр болған. Қазір оқу ошағы жөнделіп, балғындар оқу жылын өз мектептерінде бастады.

Сайлау Ахметов, мектеп директоры:

-Майдың аяғында ремонт басталды. Бөлінген қаражат 181 млн теңге. Пол ауыстырылды. Есік, терезе және электр жүйелері ауыстырылды. Жақсы ремонт жасалды.

Айта кетейік, аудан бойынша 109 үй қалыпқа келтірілді. Құрылыс жұмыстарына 60 миллионға жуық теңге бөлінді. Мұның сыртында мүлік шығынын өтеуге 33 млн теңге төленді.

Абзал Азаматұлы, Евгений Шинкаренко