Сыр өңірінде ауыл шаруашылығына маман тапшы

Қызылорда облысында ауыл шаруашылығы саласына білікті маман тапшы, деп хабарлайды 24KZ.

Қазір өңірге комбайнер, механизатор, тракторшы мен агроном ауадай қажет. Зейнетке шыққан тәжірибелі мамандардың орнын басатын жастар аз. Мәселе жыл сайын күрделеніп барады.

Нағи Ілиясов атындағы Сырдария ауылының тұрғыны Болат Ахметов 3 жыл бұрын зейнетке шыққан. Бірақ 45 жылдық тәжірибесі бар тракторшы үйреншікті ісінен қол үзгісі де жоқ. «Оның үстіне алқапта жұмыс істейтін адам табылмайды», – дейді.

Болат Ахметов, тракторшы:

- Жастар көбі шаруашылықта істей бермейді. «Өйткені айлық аз», – дейді. Сосын қалаға, ақшасы көп жерге кетеді. Кредиті бар, ипотекаға үй алған. Жастар болғаннан кейін ауылда белгілі ғой, көбі таңның атуы, күннің батуы – шаруашылықтағы жұмыс.

Еркебұлан Ерәлиевтің 5 мың гектар егістік алқабында 400-ден аса жұмысшы бар. Дегенмен шаруашылық басшысы білікті мамандардың жоқтығын айтады.

Еркебұлан Ерәлиев, шаруа қожалығының басшысы:

- Жылдан-жылға күрделеніп келе жатқан нәрсе. Қазіргі таңда механизаторлар жетіспегендіктен, көрші ауылдардан, көрші облыстардан келіп істеп жатқан жұмысшылар бар.

Талғат Дүйсебаев, облыстық ауыл шаруашылығы басқармасының басшысы:

- Бірінші мәселе мамандардың біліктілігінде. Ол – бір мәселе. Екінші мәселе айлық мәселесінде. Ауылда қазір, шынын айту керек, ауылшаруашылық құрылымдары жұмыс істейтін адамды тапшы деп ет айтуға болады.

Қызылорда аграрлық-техникалық колледжінен жыл сайын 140-тан астам маман шығады. Бірақ мамандық бойынша жұмысқа орналасатыны аз.

Бағдат Бисембаев, Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің оқытушысы:

- Ауыл шаруашылығын механикаландыру факультетін бітірген 10 баланың үшеуі ғана мамандық бойынша ауыл шаруашылығына жұмысқа тұрды. Ал зоотехника мамандығы бойынша 14 баланың ешқайсысы жұмысқа тұрған жоқ.

Мағрипа Әйтенова, Қызылорда аграрлық-техникалық жоғары колледжінің оқытушысы:

- Дәнекерлеуші технигі, газбен қамтамасыз ету технигі, электрик – бұлардың барлығы практикаға барған кезде ешқандай қиыншылықтар туындамайды. Ауыл шаруашылығы бойынша біз бұлай мақтана алмаймыз. Өндіріс орны бар, бірақ олар қабылдамайды.

Өңірде агроөнеркәсіп кешені қарқынды дамып келеді. Өндіріске озық технологиялар мен цифрлық жүйе енгізіліп жатыр. Ал білікті мамандарды даярлау, оларды жұмысқа тарту елімізді өніммен қамтудың кепілі болмақ.

Авторлары: Асланбек Шығыр, Райхан Тәжібаева, Нұржан Мұзарапшин.