Қарағанды облысында ағайынды механизаторлар еңбек етіп жүр

Қарағанды облысының Шахтер ауылында ағайынды 3 жігіт бір бригадада механизатор болып жұмыс істейді, деп хабарлайды 24KZ.

Ескеновтер әулетінің сұранысқа ие, мәртебелі мамандық бойынша еңбек өтілі 70 жылдан асқан. Ағалы-інілі механизаторларды бала күнінен әкелері баулыған.  

Ағайынды Ескеновтер қазір егін орағында жүр. Олардың кенжесі – Нариман. Жұмыс қауырт. Таңғы 7-ден түнгі 11-де бірақ бітеді. Неғүрлым көп аумақты орса, өзіне жақсы. Табысы да көп болады. Осы айға жуық науқан уақытында Нариманның 2 миллион теңгеге дейін тапқан кездері болыпты. Жастайынан әкесіне қолғабыс ете жүріп, техникаға деген қызығушылығы оны мықты механизатор етіп шығарды.

Нариман Ескенов, механизатор:

- Әкеміздің қасында жүріп үйрендік барлығын. Рульді беріп қоятын да, өзі қасымызда отыратын. «Қалай жүргің келеді, өзің үйренесің», – деп. Сол тырмысатынбыз.

Ескеновтер – ұжымдағы майталман мамандар. Әкелері Жұмабек ақсақал да ұзақ жылдар механизатор болып жұмыс істеген. Қазір ағайындылар соңғы үлгідегі комбайндарды жүргізеді. Таңмен таласып, техникаға отырып, іңірде қайтқанымен, бұрынғыдай шаршамайды екен. Жаңа комбайнмен жұмыс істеу өте жайлы. Әрі бір-біріне көмектеседі.

Қуаныш Ескенов, механизатор:

- Бірге жүреміз, бір-бірімізге көмектесеміз. «Поломка» болса, көмектесуге жетіп келеміз. Бір «поляда» жүрсек те уайымдаймыз. «Қайда, алқаптың шетінде жүр ме?», – деп. Үйреніп қалғанбыз осы далаға. Жай жеңіл жұмыс істей алмаймыз.

Мамандығына адалдығы үшін ағайынды механизаторлар түрлі марапаттарға  да ие болған. Адал еңбек қашанда абыройға бөлейді. «Ағалы-інілі Ескеновтер  құрметке лайық нағыз еңбекқор жандар», – дейді әріптестері.

Думан Шәктаев, агроном:

- Жас кездерінен техникаға үйренген жігіттер – олар. Осы ұжымда істеп жүргендеріне 17 жыл болды. Негізі майталман механизаторларымыздың бірі. Өте ұйымшыл жігіттер. Аңдызда жүргенде бір трактор тоқтап тұрса, жанынан өтіп кетпейді. Тоқтап, көмектесуге дайын тұратын жігіттер. Күндегі істейтін жұмыстарын 1,5 нормаға дейін көп істейді.

Шаруа қожалықтарының жетекшілері алқапта жұмыс қызған шақта ауыр техниканы басқаратын адам таппай қалады. Байырғы механизаторлардың дені зейнет жасына таяп қалған. Ағайынды Ескеновтер мұны жақсы түсінеді. Қазір олар маңайына жастарды топтастырып, механизатор мамандығына баулып жүр.

Авторлары: Руслан Нұрланұлы, Сайран Ақамбаев, Зарина Зұлпыхар.