Мемлекеттік кеңесші Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіштің ашылу салтанатына қатысты

akorda.kz

Елордада көрнекті жазушы, драматург, ғалым Мұхтар Әуезовке арналған ескерткіштің ашылу салтанаты өтті, деп хабарлайды 24KZ.

Оған зиялы қауым өкілдері, жазушылар, мәдениет саласының қайраткерлері, қоғамдық кеңес мүшелері, қалалық мәслихат депутаттары мен Мұхтар Әуезовтің жақындары қатысты. Мүсіншілер Айдос Бүркітбаев пен Тимур Ермұхаметов жасаған сәулет өнерінің туындысы Астана қаласындағы Қалибек Қуанышбаев атындағы Қазақ ұлттық музыкалық драма театрының алдында орнатылды. Монументті Мемлекеттік кеңесші Ерлан Қарин және жазушының туысы Диар Қонаев ашты. Ерлан Қарин Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың құттықтау хатын оқыды.

Ерлан Қарин, Қазақстан Республикасының Мемлекеттік кеңесшісі:

- Мұхтар Әуезов – ұлт руханиятында айрықша орны бар ұлы жазушы. Ол шығармаларында халқымыздың бітім-болмысы мен тыныс-тіршілігін шебер суреттеді. Қаламгердің теңдессіз туындыларынан ана тіліміздің байлығы мен төл өркениетіміздің тереңдігі айқын көрінеді. Шын мәнінде, жұртымыздың жан дүниесін білгісі келген адам ең алдымен Әуезовті оқуы керек.

Төлен Әбдік, жазушы:

- Мұхтар Әуезовтің тек әдебиетте емес, қазақ мәдениетін дамытуға қосқан үлесі ерекше. Әуезов болмаса, Абайды қай кезде ақтап алар едік, қай кезде түсінер едік, қай кезде білер едік?! Бұл да – үлкен мәселе. Мұхтар Әуезовтің арқасында ғана Абай қазақтың рухани әлеміндегі ең үлкен тұлғаға айналды.