Талдықорғандықтар бүгін қала күнін атап өтті

Жетісудың орталығына қала мәртебесі берілгеніне биыл 80 жыл толды, деп хабарлайды 24kz.

Шаһар күннен күнге гүлденіп, өсіп, өркендеп, тұрғындар саны 200 мыңнан асты. Орта және шағын бизнестегі кәсіпкерлік субъектілер 18 мыңға жуықтап, қала бюджеті 56 млрд теңгеге жетті. Жастар саябағында түрлі қойылымдар мен көрмелер ұйымдастырылып, жергілікті өнерпаздар мен қазақ эстрадасының жұлдыздары өнер көрсетті. Оқушылар сарайының ән-би үйірмелеріне қатысатын жас жеткіншіктер де сахна төрінен көрініп, қала тұрғындары мен қонақтарын ән-жырымен қуантты. Дәстүр бойынша облыс орталығының дамуына үлес қосқан тұрғындарға қаланың құрметті азаматы атағы беріліп, марапатталды.

Болат Керімбек, ҚР Парламенті Мәжілісінің депутаты:

- Болашағы әлі алда. Бұдан да үлкейіп, зәулім үйлер салынады. 5-6 шағынаудан ғана болатын бұл жерде. Қазір 12-13-ке дейін созылып жатыр. Бұл нені көрсетеді? Қаламыздың көркейіп, үлкейіп жатқандығын көрсетеді. Сондықтан өзіміздің әсем Талдықорған қаласына тек қана көркейе берсін. Өркендей берсін. Халқымыз аман, жұртымыз тыныш болсын!