С.Тетерин 25 жылдан бері Өскемен – Алтай автожолының күтіміне жауапты

Жол үстіндегі жиырма бес жыл. Шығысқазақстандық Сергей Тетерин ширек ғасырдан бері Өскемен – Алтай автожолының күтіміне жауапты, деп хабарлайды 24kz.

Қыс бойы трассаны омбы қардан аршып, жолда қалғандарға көмек көрсетсе, жаз бойы ауыр техникаларды жөндеп, асфальттың шұрық-тесігін бітейді. Бар мақсаты – жолаушыларды жолынан қалдырмай, сапарларының сәтті болуына үлес қосу.

Эльмира Ахметова, тілші:

- Сергей Тетерин осы жолдың бойында 25 жыл еңбек етіп келеді. Қазір ол үшін қарбалас кезең. Қыр астында қыс тұр. Сондықтан жолға шығатын әр техника сақадай сай тұруы қажет.

Жол учаскесіндегі жұмысшылар да Сергейге сеніп алған.Оралбек Әліпов «әріптесіммен сапарға шығуға қорықпаймын» дейді.

Оралбек Әліпов, жүргізуші:

- Техникаға жуық адам. Жақсы істейді. Бәрін жөндей алады. Бәрімізге көмектеседі. Шебер өз қолын біледі.

Сергей Тетерин ауыр автомашинаның қайсын болсын айдай алады. Экскаватор да, трактор да, жүк көлігі де сөз емес. Өскемен – Қатонқарағай бағытындағы трассаның шұңқырын жаттап алған. Ақтүтек боранда, үскірік аязда жолда қалған талай жолаушыны жолға салды. Талай адамды құтқарды.

Сергей Тетерин, жол компаниясының жұмысшысы:

- Жол – қашан да үлкен маңызға ие. Адам үшін болсын, қоғам үшін болсын. Ел мен елдің, ауыл мен ауылдың арасын осы жол байланыстырады ғой. Онсыз күніміз қараң. Жұмысты кейде тәуліктеп істеуге тура келеді. Қар басып, көліктер жолда қалып жатқанда үйде жата да алмайсың. Көшкін жүріп, боран соққанда тау арасында жүру тіпті қиындайды.

Алтайдың алты ай қысынан соң асфальттың ойық-тесігі тайға таңба басқандай көріне қалады. «Сол себепті қар түскенше қайтадан жолға шығамыз», - дейді Сергей.

Жол бойында жүретін Сергей Тетериннің еңбегін 40 жыл отасқан жары да жоғары бағалайды.

Валентина Тетерина, С.Тетериннің жұбайы:

- Ол кісі үйде болмаса, бүкіл шаруаны өзім атқарам. Әрине, оңай емес. Дегенмен, әбден үйреніп алғанбыз. Тоңып,арып-ашып келгенде тамағын беріп, тәтті –дәмдіні алдына тосамын. Ертеңінде қайтадан сол жолға кетеді.

Сергей Тетерин жолға кетпес бұрын отын жарып, көмір тасып, сырттағы тірліктің басын қайырып та үлгереді. Өйткені ұлы жол үй табалдырығынан басталатынын жақсы біледі.

Авторлары: Эльмира Ахметова. Жігер Бабаханов