Сәтбаев қаласында қарапайым еңбек адамдары марапатталды
Еңбек елеусіз қалмайды. Сәтбаев қаласында адал еңбек, маңдай терімен айналасына үлгі болып жүрген жандар құрметке бөленді, деп хабарлайды 24kz.
Аптап ыстық пен қақаған аязға қарамай қиын-қыстау жағдайлардың бел ортасында жүретін коммуналдық сала қызметкерлеріне қала әкімінің арнайы сыйлығы табысталды.
Сәтбаевтықтар үшін өткен жылу беру кезеңі қиындықсыз өтті. Коммуналдық сала мамандары биылғы маусымға да сақадай-сай. 70 мың тұрғыны бар шағын шаһар жыл санап көркейіп келеді. Әрине, бұл қаланың жылуы мен тазалығына жауапты қарапайым жандардың еңбегінің нәтижесі. Жылына бір келетін кәсіби мерекеде еңбек озаттарын төрге оздырып, құрмет көрсету кеншілер қаласында дәстүрге айналған.
Мұрат Бөрібаев, Сәтбаев қаласының әкімі:
- Адал еңбек игі істердің басы және қоғамның өркендеуінің кепілі. Қаламызда жүзеге асып жатқан көптеген жобалардың барлығында еңбек адамдары тұр. Жүздеген, мыңдаған. Сіздердің кәсібиліктеріңіз, жауапкершіліктеріңіз қаламыздың дамуына үлес қосып, өркендеу үстінде.
Дулат Сыздықов 45 жыл жылумен жабдықтау саласында еңбек еткен. Бүгінде зейнетке шықса да, сүйікті кәсібінен қол үзген жоқ. Салтанатты шарада ұзақ жылғы үлгілі еңбегі үшін қала әкімінің Құрмет грамотасымен және ақшалай сыйақымен марапатталды.
Дулат Сыздықов, Пәтер иелері кооперативінің жұмысшысы:
- Біздің салада кәсібилік өз алдына, одан бөлек, аса үлкен жауапкершілік қажет. Әріптестеріміз тұрғындардың жайлы өмір сүруі үшін уақытпен санаспай еңбек етеді. Бүгін бізге беріліп жатқан марапат пен көрсетілген құрметтің бәрі соның өтеуі деп түсінемін. Елеп-ескеріп жатқан жандарға алғыстан басқа айтарымыз жоқ. Ұжымдастарымды Еңбек күнімен құттықтаймын.
Еңбек озаттары олардың бір жыл бойы жасаған жұмыс нәтижесі бойынша анықталды. Үздік шыққандар 31 аталым бойынша марапатталды. Олардың қатарында еден жуушылар, аула сыпырушылар секілді коммуналдық салада еңбек ететін өзге де мамандық иелері бар.
Авторлары: Елдос Кәкенов, Нұрдәулет Аманкешов, Гүлшаһира Серікбаева