Ауыл шаруашылығын өркендеткен еңбек адамы
Жетісу облысында тұратын Жәнібек Оханов жүгеріні тамшылатып суару арқылы өсіруге болатынын іс жүзінде дәлелдеп келеді.
Озық технологияны енгізген шаруа тіршілік нәрін үнемдеп ғана қоймай, жыл сайын мол өнім алады. Нәтижесінде ісі ілгерілеп, шаруашылығы Панфилов ауданындағы маңдайалды серіктестікке айналды. Кәсібін диқаншылықтан бастаған еңбек адамы өндірісті де өркендетіп отыр.
Жәнібек Оханов - Жаркент өңірінде ең алғашқылардың бірі болып тамшылатып суару әдісімен жүгері өсірген шаруа. Бес жылдан бері су үнемдеу тәсілін қолданатын ол дала аруы атанған дақылды оруға кірісті. Алқаптың әр гектарынан орташа есеппен 50 тоннадан мал азығын жинап жатыр. Мұндай межеге жету еңбек адамы үшін оңай болмаған.
Жәнібек Оханов, серіктестік директорлары кеңесінің мүшесі:
- Ең басында келген уақытта бұл жерде не техника не адамдар жоқ. Жұмыс нашар болған. Сол себептен біз қолға алдық. Игереміз деп. Алдымызға мақсат қойдық. Осы жерде Совхозда жұмыс істеген механизаторлар бар жұмысшылар бар солардың бәрінің басын қосып жұмысты бастадық.
Ғалымдармен бірлескен жұмыс нәтижесінде шаруашылықтағылар жүгері мен көпжылдық шөп өсіру ісін жолға қойды. Жем-шөп қоры жеткілікті болған соң сүт өндірісін қолға алды. Қора жай салып, шетелден мыңнан аса ірі қара әкелді. Қазір кешенде тәулігіне 15 тонна сүт сауылады.
Жәнібек Оханов, серіктестік директорлары кеңесінің мүшесі:
- Голландия еліне баруға сәті түсті. Сол кезде барып фермаларды аралап көрдік. Сол жерде қызығушылық пайда болды. Біздің өзіміздің жерде неге салуға болмайды деп. Содан қазір сүт өндіріп жатырмыз.
Жаңа саланы игерген шаруашылықтағылар бірте-бірте жұмысшылар санын арттырды. Қазір жақын ауылдарда тұратын 150 адам серіктестікке келіп еңбек етеді.
Малғаждар Бодауханұлы, ауыл тұрғыны:
- Көктал ауылында 14,5 -15 мыңдай адам тұрады. Көп балалы отбасылар бар. Оларға осы серіктестік ұдайы көмек беріп тұрады. Біз оны жақсы білеміз. Шынын айту керек. Ауылдың жағдайына көмектесіп, мысалы мына жерде мешіт салынып жатыр. мешіттің отоплениясын жазып беріп жатыр. Көп көмек беріп жатыр. Отын суымен деген сияқты.
Жүгері өсіріп, сүт фермасын ашқан Жәнібек Охановтың жоспары көп. Келешекте кәсібін кеңейтіп, жаңа салаларды игеруге ден қоймақ. Сол арқылы ауыл шаруашылығын дамытуға өз үлесін қосуды мақсат етіп отыр.
Шыңғыс Қалиден, Олжас Байбосынов