ШҚО-да кәсіби жұмысшылар әулеті тұрады
Ел шығысындағы Бұқтырма су электр стансысы өнім қуатын 2 есе арттыруды жоспарлап отыр, деп хабарлайды 24KZ.
Бұл тұрғыда өндіріс орны өз қызметкерлеріне үлкен сенім артады. Мыңдаған адам еңбек ететін ұжымда әсіресе түрлі саланы меңгерген жұмысшыларға артылар жүк көп. Дегенмен 64 жылдық тарихы бар көне кәсіпорында білікті мамандар жетерлік. Солардың бірі – Плискиндер әулеті. Жалпы еңбек өтілі жарты ғасырдан асатын ағайындылар ұжымда үлкен абыройға ие.
Бұқтырма су электр стансысы – ең алғашқы киловатт энергияны осыдан 64 жыл бұрын өндірген көне кәсіпорын. Кешеннің плотинасы – әлемдегі ең берік құрылғылардың бірі. Ағайынды Плискиндер өздерінің осындай тарихи әрі бірегей мекемеде жұмыс істейтінін мақтан тұтады. Вадим Плискин қосалқы механикалық жабдықтар бойынша топ шебері болса, інісі Иван – қоластында слесарь. «Осы жерге келіп, жұмысшы мамандығының жауапкершілігі мен маңыздылығын бір адамдай түсіндік», – дейді олар.
Вадим Плискин, қосалқы жабдықтар бойынша топ шебері:
- Өндірістің дамуына ондағы қарапайым жұмысшылардың қосар үлесі зор. Әр маман өз ісін, міндетін жетік білуі керек, сол кезде ғана абыройы артып, еңбегі бағаланады.
Иван Плискин, слесарь:
- Осында жұмысқа тұрғалы 3 жыл болды. Алдымен іс-тәжірибеден өттім. Қатты ұнады. Кішкене кезімде әкеме, атама еріп, мұнда талай рет келгем. «Мен де осында жұмыс істесем», – деп армандаушы едім.
Көзі тірісінде Вадим мен Иванның әкесі Дмитрий Плискин де осында істеген. Енді оның ізін балалары басып келеді. «Ұрпақ сабақтастығы осы болар», – дейді аға буын өкілдері.
Анатолий Собковский, диспечерлік топ бастығы:
- Дмитрий Плискинмен бірнеше жыл бойы иық тіресе еңбек еткен едік. Ол кезекші машинист болып істеді. Өте пысық, елгезек адам болды. Мінеки, енді ұлдары жолын жалғастырып жүр.
Плискиндер отбасындағы еңбек жолының әу басында әулеттің үлкені Сергей Плискин тұр. Қария қазір еңбек демалысында. Ұлы мен немересінің энергетикалық кешенде жұмыс істеп жатқанын қашан да мақтанышпен айтады.
Сергей Плискин, зейнеткер:
- Біз – тек «еңбек, еңбек» деп өскен әулетпіз. Сондықтан немере, шөбереме де еңбекқор болуды үйретем. Өзім 1976 жылдан бастап, зейнет жасына дейін бір орында тапжылмай жұмыс істедім. Өз ісіме адал болдым.
Бұқтырма су электр стансысы Плискиндер сынды кәсіби жұмысшыларды қашан да жоғары бағалайды. Жас буынға нағыз өнеге деп санайды. Ірі кәсіпорын осындай мамандар арқасында алдағы 4 жыл ішінде өнім қуатын 45 мегаватқа арттыруды көздеп отыр.
Авторлары: Эльмира Ахметова, Жігер Бабаханов.